Түркия Еуропалық одақпен жүргізіліп жатқан визасыз режим жөніндегі келіссөздерді аяқтап, өз азаматтарының Шенген аймағына визасыз кіруін қамтамасыз етуді басты мақсаттарының бірі ретінде қарастырады. Сонымен қатар бұл мақсат жүзеге асқанға дейін Шенген визасын алу рәсімдерін жеңілдету бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.
Осыған байланысты 18 қарашада Анкарада өткен Жергілікті Шенген ынтымақтастығы тобының отырысында Түркия Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Шенген аймағына кіретін елдердің Түркиядағы дипломатиялық өкілдерімен, ЕО делегациясы және Еуропалық комиссияның қызметкерлерімен кездесті.
Шенген визасын беру тәртібі мен оған қатысты деректер тұрақты түрде қаралатын бұл отырысқа алғаш рет Түркия Сыртқы істер министрлігі мен Еуропалық комиссияның өкілдері де қатысты.
Кездесу барысында Түркия тарапы Еуропалық одақпен көптеген салада тығыз байланыс орнатқанын атап өтіп, Шенген визасын алу кезінде туындайтын мәселелерді шешу қажеттігін жеткізді.
Атап айтқанда, визаға өтініш беру үшін қабылдауға жазылуды жеңілдету, өтініштерді қарау мерзімін қысқарту, талап етілетін құжаттар санын азайту және бұрын Шенген визасын алған азаматтар үшін рәсімдерді оңайлату жөніндегі талаптар қайта көтерілді.
Сонымен қатар Түркия бірнеше рет кіруге мүмкіндік беретін және ұзақ мерзімге берілетін визаларды алуды жеңілдететін сатылы виза жүйесін (Cascade) кеңінен қолдануды сұрады.
Еуропалық одақпен сауда қатынастарының үздіксіз жалғасуы үшін түрік жүргізушілердің Шенген аймағына кедергісіз кіруін қамтамасыз ету және олардың осы аймақта қалу мерзіміне қатысты шектеулерді шешу қажеттігі де атап өтілді.
Түркия Сыртқы істер министрлігі виза рәсімдеріндегі қиындықтар азаматтардың қабылдауға жазылуын одан әрі күрделендіріп, заңсыз жұмыс істейтін, өздерін кеңес беру компаниялары ретінде таныстыратын ұйымдардың көбеюіне жағдай жасап отырғанына назар аударды.
Министрліктің мәліметінше, Әділет, Сауда және Ішкі істер министрліктерімен бірлесіп, мұндай ұйымдарға қарсы арнайы операциялар жүргізіліп, көптеген адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сонымен қатар Түркияның бастамалары нәтижесінде ЕО елдерінің университеттеріне оқуға қабылданған түрік студенттердің виза алу кезінде кездесетін қиындықтары соңғы екі жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайғаны айтылды.
Ресми өкілдердің мәліметінше, 2026 жылы осы мәселеге байланысты Түркия Сыртқы істер министрлігіне жекелеген шағымдар ғана түскен. Қалған мәселелерді шешу үшін келіссөздер жалғасуда.
Сондай-ақ Еуропалық одақ институттары және оған мүше елдердің тиісті органдарымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде түрік азаматтарға Шенген визасын беру тәртібін қайта қарау мақсатында Шенген елдерінің Түркиядағы өкілдіктері арасында арнайы жұмыс тобы құрылғаны хабарланды.














