"Түркия "от шеңберінен" тыс болуға бел байлады"

Ердоған Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының бұзылуы жаһандық экономикада қазірдің өзінде елеулі толқын тудырғанын ескертті.

By
"Түркия "от шеңберінен" тыс болуға бел байлады" / AA

Президент Режеп Тайып Ердоған Израиль мен Иран арасындағы шиеленістен туындаған «от шеңберінің» тысында қалуға бейілді екендерін мәлімдеп, қақтығыс аймақта ұзаққа созылатын қажыту соғысына айналу қаупі бар екенін ескертті.

Анкарада өткен Министрлер кабинетінің отырысынан кейін сөйлеген сөзінде Ердоған Түркияның бұл процесті «мемлекеттік ақылға» негізделген салмақты әрі сақ ұстаныммен басқарып отырғанын айтты.

«Елімізді от шеңберінің тысында ұстауға табандымыз», — деген Ердоған Анкараның соғыстың аймақ елдері арасындағы ауқымды қақтығысқа ұласуын қаламайтынын баса айтты.

Түркияның дағдарысты дұрыс бағамдаған елдердің бірі ретінде жауапты ұстаным танытып отырғанын білдірген Ердоған «Түркия — аймағымызды қан мен оқ-дәрі иісіне көмген бұл процесті алғашқы күннен бастап дұрыс түсініп, дұрыс талдаған елдердің көшін бастап тұр», — деді.

Ердоған сондай-ақ Түркияны қақтығысқа тартуды көздейтін тұзақтарға түспейтінін де жеткізді. «Бізді тартқысы келген тұзақтарға түспейміз», — дей келе, үкіметтің көршілік қарым-қатынас пен аймақтық ынтымақтастық қағидаттарына адал бола отырып, процесті байыппен басқарып жатқанын айтты.

Президент Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуды өткір сөздермен сынап, Израиль басшылығын тұрақсыздықты қоздырды және аймақтық бейбітшілікке нұқсан келтірді деп айыптады.

«Нетаньяху бастаған қасаптар желісі аймақтық бейбітшілік пен адамзат атынан дереу тоқтатылуы керек», — деген Ердоған әлем елдерін батыл әрі белсенді ұстаным танытуға шақырды.

Соғыстың негізінен Израильдің соғысы екенін, бірақ оның салдары жаһандық деңгейде сезіліп жатқанын айтқан Ердоған «Соңғы 25 күн бізге мынаны көрсетті: соғыс Израильдің соғысы болғанымен, оның зардабын бүкіл әлем тартып отыр. Соғыс — Нетаньяхудың билікте қалу соғысы, бірақ оның зауалын 8 миллиард адам шегуде», — деді.

Ердоған жаһандық энергия саудасының шамамен 20%-ы өтетін маңызды су жолы — Ормуз бұғазының стратегиялық маңызына да назар аударды.

Бұғаздағы тасымалдың іркілуі жаһандық экономикада елеулі ауытқуларға әкелгенін айтқан Ердоған «Әсіресе әлемдік энергия саудасының 20%-ы өтетін стратегиялық Ормуз бұғазының жабылуы жаһандық экономиканы ауыр дағдарысқа ұшыратты», — деді.

Ердоған жаһандық экономикалық жүйеге қалпына келтіру үшін жылдар қажет болатын зиян келмес бұрын, бұл «заңсыз соғыстың» дереу аяқталуы тиіс екенін атап өтті. Диалог арналарын тез арада қайта ашуға және мазмұнды келіссөздерді бастауға шақырды.

Сонымен қатар Израильдің ұстанымы дипломатиялық шешім жолдарын бөгеуіне жол бермеу керектігін айтып, «Израильдің келіспеушілікке негізделген, максималистік және радикалды әрекеттерінің дипломатиялық шешім жолдарын тұншықтыруына рұқсат берілмеуі керек», — деді.

Шиеленістің артуына қарамастан, Түркияның барлық дипломатиялық және саяси құралдарын пайдалана отырып, бейбітшілік пен тұрақтылық үшін жұмысын жалғастыратынын білдірген ол «Түркия бар күш-жігерімен, барлық мүмкіндіктерімен және қолындағы барлық құралдарымен бейбітшілік, әділеттілік пен тұрақтылықты орнату үшін жұмыс істей береді», — деді.