Оңтүстік Корея АҚШ-тағы көші-қон рейдінде ұсталғандарды қайтару үшін рейс ұйымдастырды
АҚШ-тың Джорджия штатында өткен аптада құрылыс жұмыстары жүріп жатқан “Hyundai-LG” батарея зауытында ұсталған 475 адамның көбі оңтүстіккореялықтар.
Сәрсенбі күні Оңтүстік Кореяның ұлттық әуе компаниясы “Korean Air” АҚШ-тағы бір топ оңтүстіккореялық жұмысшыны қайтару үшін Сеулден арнайы рейс ұйымдастырғанын “AFP” агенттігіне хабарлады.
Көші-қон органдарының мәліметінше, өткен аптада Джорджия штатындағы “Hyundai-LG” батарея зауытына жасалған рейд барысында ұсталған 475 адамның көбі Оңтүстік Корея азаматы болған. Бұл операция АҚШ президенті Дональд Трамптың көші-қон саясаты аясында жүргізілген ең ауқымды бір нүктелі рейд ретінде тарихқа енді.
“Korean Air” компаниясына тиесілі 350-ден астам жолаушыға арналған “Boeing 747-8I” ұшағы сәрсенбі күні Сеулден ұшты. Компания өкілі бұл ақпаратты “AFP”-ге растады.
Арнайы рейстің ресми күні жарияланбаса да, Оңтүстік Корея билігі сәрсенбі күні жасаған мәлімдемесінде АҚШ-тағы кейбір жағдайларға байланысты ұшудың кейінге шегерілгенін хабарлады, алайда егжей-тегжейін ашпады. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, ұшақ АҚШ уақытымен сәрсенбі күні ұшуы тиіс болған.
Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрлігі: «Біз АҚШ билігімен ең ерте ұшу уақытын қамтамасыз ету үшін тығыз кеңесіп жатырмыз», – деп мәлімдеді. Сыртқы істер министрі Чо Хён осы мәселеге байланысты келіссөздер жүргізу үшін Вашингтонда болды. Чо Хён оңтүстіккореялықтардың жаппай ұсталуын «аса күрделі жағдай» деп атап, жұмысшылардың « тез арада аман- есен елге оралуын қамтамасыз етеміз» деп уәде берді.
Чо АҚШ билігімен жүргізілген келіссөздер барысында ұсталған жұмысшылардың бес жылдық қайта кіру тыйымы сияқты жазаларға ұшырамауы үшін «уақытша келісімге» қол жеткізілгенін Оңтүстік Корея депутаттарына хабарлады. «Келіссөздер жақсы жүріп жатыр деп айта аламын», – деді ол.
«Үлкен жауапкершілік»
Оңтүстік Корея үкіметі ұсталған жұмысшылардың елден депортацияланбай өз еркімен АҚШ-тан кетуін қамтамасыз етуге тырысуда. Министр Чоның сәрсенбі таңертең Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиоға кездесу барысында бұл мәселені көтеруі күтілуде.
Чо сейсенбі күні Вашингтонда оңтүстіккореялық іскерлермен өткізген жиында: «Азаматтарымыздың осылайша ұсталуына байланысты үлкен жауапкершілік сезінемін», – деді. Сондай-ақ Атлантадағы бас консулдықтың жергілікті билікпен байланыста екенін және Джорджияға дипломатиялық өкілдердің жіберілгенін атап өтті.
Оңтүстік Корея АҚШ-тың маңызды қауіпсіздік одақтасы болумен қатар Азиядағы төртінші ірі экономика әрі ірі автокөлік пен электроника өндірушісі болып табылады. Оңтүстіккореялық компаниялардың АҚШ-та көптеген өндірістік нысаны бар.
Сондай-ақ Сеул АҚШ-тың сауда келіссөздері кезінде ғаламдық инвестицияларды ынталандыруға шақыруына құлақ асқан еді. Рейд өткен жер — “Hyundai” мен “LG Energy Solution” компанияларының Джорджия штатында аккумулятор жасайтын зауыт салу үшін құрған 4,3 миллиард долларлық бірлескен кәсіпорны.
Сарапшылардың айтуынша, ұсталған оңтүстіккореялық жұмысшылардың көбі құрылыс саласында еңбек етуге рұқсат бермейтін визалармен жүрген болуы мүмкін. АҚШ-тағы лицензиясы бар адвокат Юм Сын-юл бұл оқиғаның Оңтүстік Корея билігін оңтүстіккореялықтарға арналған арнайы виза заңы үшін қысымды күшейтуге итермелеуі ықтимал екенін айтты. «Бұл оқиғаны мысалға ала отырып, билік Вашингтонда “Partner with Korea Act” үшін үлкен қысым жасай алады», – деді ол. Аталған заң жобасы білікті мамандар үшін 15 000 визалық квота бөлуді қарастырады.