Иран мәселесіне тоқталған Рубио: «Иран ешқашан ядролық қаруға ие болмайды. Дональд Трамп бұған жол бермейді. Бұл – біз үшін өте маңызды», – деді.
Оның айтуынша, Тегеран бұған дейін осы мәселе бойынша келісімге келуге берілген бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмаған. Рубионың айтуынша, Иран өзін сыртқы шабуылдан барынша қорғай алатындай қуатты қарулы күш қалыптастыруға тырысқан.
Оның пікірінше, Тегеран зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндігін күшейту арқылы ядролық бағдарламасына қарсы ықтимал әскери әрекеттерді тежеуді көздеген.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Иранның ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру бағдарламасы мен зымыран әлеуетінің жойылғанын, ал қолданыстағы жүйелері әлсірегенін алға тартты. Ол қазіргі таңда Иранның әскери қуаты бұрынғы кезеңмен салыстырғанда едәуір азайғанын айтты.
Рубио Иранның қатаң санкцияларға ұшырап отырғанын айтып, «Ел экономикасы құлдырау үстінде», - деп мәлімдеді.
Сонымен қатар ол Ормуз бұғазының ашық екенін, бұғаз арқылы тасымалданатын мұнай көлемі қақтығысқа дейінгі деңгейге жақындағанын атап өтті. Рубионың айтуынша, Иран Ормуз бұғазын бақылау мүмкіндігін толығымен жоғалтқан.
Сондай-ақ Рубио Иран билігі елдің ресурстарын халықтың жағдайын жақсартуға емес, қарулы топтарды қолдауға жұмсап отыр деп мәлімдеді.





















