АҚШ президенті Дональд Трамп Канада премьер-министрі Марк Карниге өзі жаңадан құрған «Бейбітшілік кеңесіне» қатысу үшін жолдаған шақыруын кері қайтарды.
Трамп «Truth Social» платформасында «Осы хат Канаданың «Бейбітшілік кеңесіне» қатысуына байланысты сізге жолданған шақыруды кері қайтарып алғанын білдіреді», - деп жазды.
Карни бұған дейін АҚШ басшылық еткен жаһандық жүйеде іркіліс пайда болғанын айтып, халықаралық қоғамдастықтың назарын өзіне аударған еді. Үкіметі де Трамп әлемдік қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған деп сипаттаған бұл құрылымға қосылу үшін ақы төлемейтінін мәлімдеген болатын. Ал Трамп кеше ресми түрде таныстырылған «Бейбітшілік кеңесінің» төрағасы қызметіне өзін тағайындады.
Әлем көшбасшылары бейсенбі күні Швейцарияның Давос қаласында Дүниежүзілік экономикалық форумның қосымша шарасы ретінде өткен «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына қол қою рәсіміне жиналды. Трамп рәсім барысында кеңестің жарғысын жариялап, қол қояр алдында сөз сөйледі.
Бастапқыда бастама Газадағы атысты тоқтату келісімін және соғыстан кейінгі қалпына келтіруді қадағалау үшін жоспарланған болатын. Кейіннен ол ондаған ел шақырылған кең ауқымды халықаралық араағайын ұйымға айналды.
Шақыруды қабылдаған елдердің қатарында Түркия, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Иордания, Катар, Мысыр және Венгрия бар. Марокко, Индонезия, Косово, Қазақстан, Өзбекстан, Вьетнам, Аргентина, Армения, Әзербайжан және Беларусь та кеңеске қатысушы елдер арасында.
Өткен апта Ақ Үй өтпелі кезеңде Газаны басқару үшін құрылған Ұлттық комитеттің мақұлдауымен «Бейбітшілік кеңесінің» құрылғанын жариялаған болатын.












