Қырғызстан президенті Жапаров Өзбекстан президенті Мирзиёевпен Ыстықкөлде кездесті
Жапаров Мирзиёевке елдің ең жоғары мемлекеттік ордені — 1-дәрежелі «Манас» орденін табыс етті.
Қырғызстан президенті Жапаров Өзбекстан президенті Мирзиёевпен Ыстықкөлде кездесті
Қырғызстан президенті Жапаров Өзбекстан президенті Мирзиёевпен Ыстықкөлде кездесті

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров сапарлай барған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен Ыстықкөл жағалауындағы Чолпон-Ата қаласында кездесті.

Президент Жапаров тарапынан Чолпон-Ата қаласында орналасқан «Рух Ордо» Шыңғыс Айтматов атындағы мәдени орталығында ресми қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды.

Ресми рәсімнен кейін екі көшбасшы оңаша және делегациялар арасында келіссөздер жүргізді.

«Қырғызстан Өзбекстанмен қарым-қатынастың ең үздік кезеңін бастан кешіруде»

Жапаров делегациялар арасындағы кездесуде сөйлеген сөзінде Мирзиёевтің басшылығымен жүргізілген реформалар Өзбекстан экономикасын екі есеге арттырғанын білдіріп, саяси ерік-жігердің арқасында қырғыз-өзбек қарым-қатынастары тарихтағы ең қуатты әрі ең үздік кезеңдерінің бірін сүріп жатқанын баса айтты.

Өзбекстанмен шекара мәселелерін шешуге қатысты тақырыптарға тоқталған Жапаров былай деді:

«Бүгін осы жерде Қырғызстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінің санын 15-тен 30-ға дейін арттыратын келісімдерге қол қойылатынына қуаныштымын. Осылайша шекаралық аймақтарда тұратын тұрғындардың арманын жүзеге асырамыз. Енді олар бір-біріне еркін барып-келе алады, отбасылық және достық байланыстарын жалғастырады, бизнес жүргізеді, білім алады және бос уақыттарын тиімді өткізеді. Бұдан бөлек, бұл өткізу пункттерінің табысты жұмыс істеуі еліміздің транзиттік, көліктік және логистикалық әлеуетін арттырады. Енді бізге жүктелген міндет — ортақ шекарамыздың сенім, сауда, байланыс және ортақ тұрақты даму үшін біріктіруші жол ретінде қызмет етуін қамтамасыз ету».

Жапаров Өзбекстанның Қырғызстандағы консулдық қызметтерінің кеңеюіне және Қырғызстанның Өзбекстанның Әндіжан қаласында Бас консулдығын ашу шешіміне дән риза екенін жеткізді.

Екі ел арасында қауіпсіздік, экономикалық әріптестік және болашақ ұрпақтың әл-ауқаты үшін тарихи саяси міндеттеме болатын «Одақтастық қатынастар туралы шартқа» қол қоятындарын хабарлаған Жапаров бұл тарихи одақтың ұзақ мерзімді басымдықтарын айқындау және қабылданған шешімдерді бақылау мақсатында «Жоғары мемлекетаралық кеңес» құрылғанын білдірді.

Жапаров Қырғызстандағы «Қамбар-Ата-1» гидроэлектр станциясы (ГЭС) мен бөгетінің құрылысы және «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржолы құрылысының бірлесе жүргізіліп жатқан стратегиялық жобалар екенін айтты.

Президент Мирзиёевтің сапары аясында Қырғызстанда өткізілген шараларға да тоқталған Жапаров осы сапар алдында ортақ үкіметаралық комиссияның 12-ші отырысы, экономикалық жобаларды жүзеге асырудың басты бағыттары айқындалған Қырғызстан-Өзбекстан бизнес-форумы мен Іскерлік кеңесінің отырысы, Өзбек мәдениеті күндері, Қырғызстан мен Өзбекстан университеттері ректорларының 3-ші форумы және «Жаңа Өзбекстан: Шавкат Мирзиёевтің жолы» кітабының қырғыз тіліндегі басылымының таныстырылымы өткенін баяндады.

«Бізге қуатты Қырғызстан өте қажет»

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қырғызстан қол жеткізген қарқынды экономикалық өсім мен өнеркәсіптік әлеуетті жоғары бағалайтындарын білдіріп, «Ел қарқынды экономикалық өсімді бастан кешуде, өнеркәсіптік әлеуеті кеңейіп, нақты табыстар артуда. Қаншама жұмыс орны ашылып, қаншама құрылыс жүріп жатқанын көріп отырмыз. Өйткені бізге қуатты Қырғызстан, қуатты көрші өте қажет», — деді.

Уақыт сүзгісінен өткен сенімді серіктес ретінде сипаттаған бауырлас Қырғызстанның әлеуметтік және экономикалық саладағы жетістіктеріне қатты қуанатынын атап өткен Мирзиёев: «Бүгін біз екіжақты қарым-қатынастарымызды одақтастық деңгейіне көтереміз», — деді.

Мирзиёев: «Бүгін — тарихи күн. Бұл — біздің ұзақ, қажырлы әрі маңызды жұмысымыздың нәтижесі және бүгінгі екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы бұл тарихи күн екі халықтың да жадында мәңгі сақталады», — деген сөздерді тілге тиек етті.

Екі ел қарым-қатынасын одақтастық деңгейіне көтеру екі халық үшін де үлкен қолдау әрі шынайы жақындасудың белгісі болатынын баса айтқан Мирзиёев Қырғызстанда жүргізіліп жатқан реформалардың табысты болуын өзбек халқының да шын жүректен және зор қуанышпен қадағалап отырғанын атап өтті.

Мирзиёев Қырғызстанда 450 өзбек компаниясының өз қызметін жалғастырып жатқанын, бұл елмен сауда айналымын қазіргі 1 миллиард 200 миллион доллардан 2 миллиард долларға, ал ұзақ мерзімді келешекте 3 миллиард долларға жеткізуді көздейтіндерін айтты.

Қырғызстанда «Қамбар-Ата-1» гидроэлектр станциясы мен бөгетінің құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқанын түсіндірген Мирзиёев өңірдегі геосаясатты өзгертетін «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржолы құрылысының да жалғасып жатқанын жеткізді.

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастар одақтастық деңгейіне көтерілді

Делегациялар арасындағы кездесуден кейін Ыстықкөл жағалауындағы «Рух Ордо» Шыңғыс Айтматов атындағы мәдени орталығында Қырғызстан мен Өзбекстан көшбасшылары мен үкімет мүшелері арасында қол қою рәсімі өтті.

Жапаров пен Мирзиёев Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастарды одақтастық деңгейіне көтеруді көздейтін шартқа қол қойды.

Сонымен қатар екі елдің кейбір министрліктері мен мекемелері арасындағы реттеулерді қамтитын бірқатар құжат және шекара бекеттерінің санын 15-тен 30-ға дейін арттыруды көздейтін құжат алмастырылды.

Өзбекстан президенті Мирзиёев елдің ең жоғары мемлекеттік орденімен марапатталды

Қырғызстан президенті Жапаров рәсімде президент Мирзиёевке елдің ең жоғары мемлекеттік ордені — 1-дәрежелі «Манас» орденін табыс етті.

Мирзиёевтің Жапаровқа алғысы

Өзбекстан президенті Мирзиёев те Қырғызстан президенті Жапаровқа алғыс айтты.

«Бұл мақсатқа біз табандылықпен, ұқыптылықпен және өте маңызды дайындықпен жеттік. Дипломатия саласында ең жоғары деңгейге қол жеткіздік және ынтымақтастығымыз одақтастық деңгейіне көтерілді. Ортақ жұмысымызды осындай жетістікпен бағалағаныңыз үшін тағы да ризашылығымды білдіремін. Бұл — үлкен марапат. Ардақты бауырым, әрі досым Қырғызстан президентінің алдына қойған мақсаттарына жетуін шын жүректен қалаймын және біз әрдайым бір-біріміздің жанымызда боламыз, Қырғызстан президентінің реформаларын қолдаймыз. Біз әрқашан осында, бірге боламыз, өйткені біз бауырлас әрі одақтаспыз» деді ол.

Іздеу
TİKA Керкуктегі Алтынкөпір шейіттері зиратында қалпына келтіру жұмыстарын бастады
АҚШ Иранға бағытталған жаңа шабуыл толқынын аяқтады
Ресейдің кезекті зымыран шабуылынан украиналық балалар қаза тапты
Хакан Фидан ХАМАС төрағасы әл-Хайяны қабылдады
“BMW” 2027 жылдың соңына дейін Германияда 8 000 адамды жұмыстан босатуды жоспарлап отыр
Түрік және қазақ мұғалімдер Астанада бас қосты
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Кипрде баспасөз мәслихатын өткізді
Иран Украинаға қарымта соққы беру мүмкіндігін қарастырған
Кипрде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің жетекшілігімен үшжақты кездесу басталды
Ирак премьер-министрі қауіпсіздік мәселелері бойынша шұғыл жиын өткізуге шақырды
Ресей «Telegram» желісінің негізін қалаушы Павел Дуровқа халықаралық іздеу жариялады
24 сағаттан астам қонбай ұшқан ұшақ рекорд орнатты
Ғалымдар адам миының жұмысын модельдейтін жаңа чип әзірледі
Солтүстік Кипр Түрік Республикасының президенті мен БҰҰ Бас хатшысы кездесті
Белгород облысында үш адам қаза тапты