Аралар — тек бал өндіретін жәндіктер ғана емес. Аралар табиғат үшін әлдеқайда зор маңызға ие. Өйткені экожүйенің тұрақты сақталуында аралардың рөлі шешуші.
Дәл осы себепті соңғы жылдары аралардың жаппай қырылуы қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.
Аралардың маңызы тек балмен шектелмейді. Ауыл шаруашылығы өндірісінің үздіксіздігі мен экожүйе тепе-теңдігінің сақталуы да көбіне араларға байланысты.
Алайда соңғы жылдары осы бір ерекше жәндіктердің жаппай қырылуы туралы хабарлар жиілей түсті. Ендеше, ара өлімінің артында қандай себептер жатыр? Бұл мәселе табиғаттың тепе-теңдігіне қалай әсер етеді?
Осы сұрақтарды Дүздже университеті Ара шаруашылығы ғылыми-зерттеу, дамыту және қолдану орталығының директоры, профессор Мерал Кекечоғлуға қойдық.
Ара өлімі көптеген факторға байланысты. Аралардың қырылуы мен ара өнімдерінің өнімділігінің төмендеуі соңғы жылдары әлемнің көптеген елінде байқалуда.
Профессор Кекечоғлуның айтуынша, жаппай ара өлімінің негізгі себептерін екі топқа бөліп қарастыру қажет. Соның бірі — макроэкологиялық факторлар.
«Макроэкологиялық факторлардың қатарында біз жиі еститін климаттың өзгеруі мен жаһандық жылыну, әрине, маңызды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында қолданылатын химиялық препараттар бар. Қазіргі таңда бұлар өлім-жітімнің ең басты себептерінің бірі» дейді профессор.
Ал микроэкологиялық факторларға болса, ұя ішіндегі жағдайлар мен ара өсірушілер жіберетін қателер жатады.
Профессор Кекечоғлу Түркияда әсіресе өткен жылдары жаппай ара өлімінің жиі кездескенін хабарлап, былай дейді: «Бұның негізгі себептерінің бірі — ауыл шаруашылығында қолданылатын, табиғатқа зиян химиялық препараттар. Гүлдер мен өсімдіктермен тікелей байланыста болатын ең маңызды тіршілік иелерінің бірі — ара».
Тозаңдану мен ұрықтану үдерісінде гүлдермен үнемі байланыста болатындықтан аралар өсімдіктерге себілетін химиялық дәрілерден тікелей зардап шегеді. Өсімдік ресурстары жойылса, нектар көзі де болмайды және ара өмір сүре алмайды. Бұл жағдайда оларды сырттан қоректендіруге тура келеді. Алайда бұл тұста да кейбір ара өсірушілер дұрыс қоректендірмейді. Дұрыс қорек берілмеген жағдайда аралардың иммундық жүйесі әлсірейді.
Жаппай ара өлімін алдын алуда ара өсірушілерге артылар жауапкершілік өте зор. Сондықтан профессор Кекечоғлуның ескертулері аса маңызды.
«Аралардың тұрақты сақталуында тұқымның маңызы өте зор. Өйткені белгілі бір аймақта жергілікті ара тұқымдарының сол өңірге бейімділігі, қоршаған орта жағдайларына төзімділігі тұрақтылық үшін аса қажет. Өкінішке қарай, ара өсірушілер мұны әрдайым ескере бермейді» дейді профессор.
Ал шын мәнінде, жергілікті тұқымдарды сақтау және қолдану тұрғысынан белгілі бір сезімталдық пен түсінік қалыптастыру қажет. Себебі жергілікті ара тұқымдары ауруларға да төзімді.
Бүгінгі зерттеулерге қарасақ, әсіресе ара өлімінде немесе колониялардың күйреуінде аралардың ішегінде пайда болатын паразиттердің өте маңызды фактор екені анықталып отыр.
Профессор Кекечоғлу ара өлімінің алдын алу үшін ара өсірушілер ғылыми деректерге сүйене отырып әрекет етуі тиіс екенін айтады. «Ұяда кездесетін аурулар мен зиянкестерге қарсы естіген кез келген дәріні қолдана бермейік. Биологиялық және қалдық қалдырмайтын препараттарды пайдалануға тырысайық» дейді профессор.
Ара популяциясының азаюы алдағы уақытта қандай салдарға әкелуі мүмкін? Профессор Кекечоғлуның жауабы ерекше назар аударады. Оның айтуынша, «Өсімдіктердің тұрақты сақталуында аралардың үлесі шамамен 85 пайыз».
85 пайыз! Ойлап көріңізші...
«Демек, аса маңызды рөл атқаратын бал аралары жойылса, өсімдік шаруашылығының үздіксіздігі үлкен қауіпке тап болады. Ал өсімдік өндірісі болмаса, биологиялық үдерістерде, биологиялық айналымда жануарлар да болмайды. Бұл өз кезегінде ет өнімдерінің азаюына әкеліп, басқа жануарлар мен адамдардың өміріне қауіп төндіреді» деп түсіндірді Кекечоғлу.
Жүргізілген соңғы зерттеулер бал араларының, мысалы, бадам сияқты дақылдардың өнімділігін шамамен 65 пайызға арттыратынын көрсетеді. Яғни аралар болмаса, өсімдік шаруашылығында елеулі шығындар болатыны сөзсіз.
Аралар тек экожүйе үшін ғана емес, адам денсаулығы үшін де аса маңызды.
Аралардың жұмысы тек балмен шектелмейді емес, олар өздері өндіретін басқа да ғажайып өнімдер адамдардың иммундық жүйесін нығайтады. Профессор Кекечоғлу былай дейді:
«Өндіретін өнімдеріне қарасақ, ара колониясы — шағын дәріхана. Біз көбіне тек балын, тозаңын немесе аналық сүтін ғана білеміз. Алайда аралардың уы, балауызы, прополисі де өте маңызды. Ара өнімдері иммундық жүйені күшейтетін ең басты табиғи өнімдердің бірі».
Көріп отырғандарыңыздай, аралар — тек бал жасайтын ұсақ жәндіктер емес. Олар — тіршіліктің жалғасуы үшін маңызды буын. Араларды қорғау — өзімізді және болашағымызды қорғау.












