ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
2 ... минут оқылды
Францияда наразылық шерулері жалғасуда
Францияда он жылдан бері жалғасып келе жатқан кадр тапшылығы мен білім беру саласындағы олқылықтарға қарсы студенттердің бастамасымен ұйымдастырылған наразылық шерулері бүкіл елді қамтыған дағдарысқа ұласты.
Францияда наразылық шерулері жалғасуда
Франция / TRT Haber

Мектептердің инфрақұрылымы әбден тозып, құлдырау шегіне жеткен. Ал мұғалімдердің жалақысы ең төменгі еңбекақы деңгейінде.

Қыркүйек айының ортасында Париждегі бір лицейде басталған наразылық шерулері қысқа уақыт ішінде жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, сейсенбі күні ел бойынша 250 мыңнан астам адам көшеге шыққан.

Ал наразылық шараларын ұйымдастырушылар қатысушылар саны 450 мыңға жеткенін мәлімдеді.

Бұл дағдарыс өкілеттік мерзімі аяқталуға жақындаған президент Эммануэль Макрон үшін кезекті сынаққа айналды. Осы жағдайға байланысты премьер-министр Себастьен Лекорню ай соңына дейін шара қабылданатынын хабарлады.

Студенттердің шағымдарын қабылдау үшін ашылған арнайы платформаға қысқа уақыт ішінде 40 мыңнан астам өтініш түсті.

Мектептердің инфрақұрылымы әбден ескірген

Оқушылар ғимараттары тозған, жылу жүйесі талапқа сай емес әрі жәндіктер қаптаған мектептерде білім алуға мәжбүр екеніне наразылық білдіруде.

Кәсіподақтардың мәліметінше, елдегі мектептердің жартысынан астамында кадр тапшылығы байқалады.

Мұғалім тапшылығына байланысты жүздеген сағат сабақ өткізілмеген. Ал сыныптардағы оқушы санының 30-ға дейін жетуі наразылықты одан әрі күшейтуде.

Мұғалімдердің жалақысы ең төменгі еңбекақы деңгейінде

Халық санының өсуіне ілесе алмай отырған білім беру жүйесінде мұғалімдердің жалақысы ең төменгі еңбекақы деңгейіне дейін төмендеп, бұл мамандыққа деген қызығушылық азайған.

Иль-де-Франс аймағы ел бойынша білім беру саласына ең аз қаржы бөлетін өңір ретінде ерекшеленеді. Шерушілер мұғалімдер мен медицина қызметкерлерін шұғыл жұмысқа қабылдауды, сондай-ақ мектеп ғимараттарын дереу жөндеуді талап етуде.

Полицияның шамадан тыс күш қолдануы наразылық туғызды

Өткен айдан бері жүздеген мектеп қоршауға алынып, наразылық шерулері кезінде зорлық-зомбылық оқиғалары тіркелді. Полицияның көзден жас ағызатын газ бен резеңке оқ қолдануы салдарынан 200-ден астам адам жарақат алды.

Наразылық күшеюі мүмкін

Шерушілердің басым бөлігі 18 жасқа толмаған жасөспірімдер болса да, ата-аналар, мұғалімдер мен белсенділердің қолдауымен шерулердің ауқымы кеңейіп, үкіметті алаңдатып отыр.

Франция билігі жастар бастаған наразылықтың Макрон үкіметіне қарсы соңғы он жылда жинақталған халықтың наразылығымен ұштасып, бүкіл елді қамтитын ауқымды қарсылық акцияларына ұласуынан қауіптеніп отыр.