Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасының төрағасы Бурханеттин Дуран әлемнің басты мәселесі Израиль екенін атап өтіп, Израильді «халықаралық құқықты аяққа таптап, хаоспен қоректенетін күйретуші режим» деп сипаттады.
Бурханеттин Дуран сәрсенбі күні Анкарада Коммуникация басқармасының ұйымдастыруымен өткен, дипломаттар, ғалымдар және баспасөз өкілдері қатысқан «Газа: Адамзаттың лакмус сынағы» атты панельде мәлімдеме жасады.
Төраға беташар сөзінде Президент Режеп Тайып Ердоғанның жетекшілігіндегі Түркияның ұстанымын қайталады. Ол Газада атысты тоқтату, гуманитарлық көмек жеткізу және 1967 жылы шекарасы бекітілген, аумақтық тұтастығы бар тәуелсіз Палестина мемлекетін құру – Түркияның басты мақсаттарының бірі екенін айтты.
Сондай-ақ Дуран халықаралық қауымдастық Израильдің аймақтық қана емес, жаһандық тұрақтылыққа да қауіп төндіретін күйретуші екендігіне көз жұма қарай алмайтынын жеткізді.
Газаны әлемнің күн тәртібінен түсірмеу
Төраға Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасының ақпарат майданында Палестинаға ерекше қолдау көрсетуіне назар аударды. Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасының барлық мүмкіндікті пайдаланып, платформалар мен контент арқылы Газаның әлемнің күн тәртібінен түспеуіне аянбай еңбек етіп жатқанын баса айтты.
Сондай-ақ ол Израильдің 250-ден астам жалған ақпаратын әшкерелеу, арнайы журналдар шығару, халықаралық конференциялар, көрмелер және баспасөз турларын ұйымдастыру сияқты сан түрлі бастамаларды ерекше атап өтті.
«Біз үшін жаһандық медиа кеңістігі - ақиқат үшін күрес майданы», – деген Дуран әлемнің ар-ожданын оятуға және Израильдің әрекеттерінің тарихта қалуына күш салып жатқанын жеткізді.
Баспасөз алдыңғы қатарда
Дуран түрік баспасөзін, әсіресе ТRТ Телерадио корпорациясы мен Анадолы агенттігін мақтады. Ол кедергілерге қарамастан түрік журналистердің Газадағы қырғынды бүкіл әлемге көрсетуден бас тартпағанын айтты.
«TRT Haber» арнасы Газадан 20 мыңнан астам жаңалық жариялағанын, ал «TRT World» арнасы эфир уақытының жартысын Палестина мен Газаға арнағанын ерекше атап өтті.
Анадолы агенттігі 13 тілде шамамен 144 мың жаңалық, 200 мың фото және 15 мың бейнематериал дайындаған. Олардың көпшілігі халықаралық сотта дәлел ретінде қолданылуда.
Түркияның цифрлық платформасы «Tabii» жаһандық медиадағы цензураға қарсы «Палестиналықтардың хикаялары» атты бағдарлама шығарды.
Сонымен қатар Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасы Газада қаза тапқан журналистер туралы кітап басып шығарды. Бұл кітапта Израильдің аймақтағы шындықты бүкіл әлемге жеткізуді ғана мақсат еткен 300-ге жуық журналистің түсірген суреттері мен видеоларын жою үшін оларды әдейі өлтіргені айқын көрсетілген.
«Ар-ождан қозғалысы»
Дуран Батыстың бұқаралық ақпарат құралдарындағы қос стандартты сынап, ірі БАҚ-тарды «жалған ақпарат таратуға қатысы бар» деп айыптады. Түркияның баспасөз және коммуникация мекемелерін «жаһандық ар-ождан қозғалысының» көшбасшысы ретінде сипаттады.
Президенттің сөзін мысалға келтірген Дуран: «Израиль күштері біздің журналистеріміздің ақиқатқа бағытталған камераларын сындырғанымен, ақиқаттың жария болуына кедергі келтіре алмады», – деді.