«New York Times» басылымына сұхбат берген екі шенеуніктің айтуынша, Трамп әкімшілігі мигранттарды жаппай депортациялаудың жолдарын іздестіруде.
Екі шенеунік Трамп әкімшілігінің заңсыз мигранттарды Орталық және Оңтүстік Америка елдеріне депортациялау үшін Әскери-теңіз күштеріне тиесілі оқу кемелері мен паромдарды пайдалануды қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Бұл мәселе бойынша соңғы апталарда жүргізілген талқылаулардың әлі де бастапқы кезеңде тұрғанын жеткізген екі шенеунік осы кемелердің бірі Калифорнияда орналасқан және Теңіз академиясы пайдаланатын «Golden Bear» оқу кемесі екенін атап өтті.
Жоспардың құпиялылығына байланысты аты-жөнін көрсеткісі келмеген тұлға АҚШ Қорғаныс министрлігінің шенеуніктері бұл мақсатта пайдаланылуы мүмкін Еуропадағы кемелерге қатысты компаниялармен де байланысқа шыққанын алға тартты.
Екінші жағынан бұл жоспар шеңберінде Эль-Сальвадор, Гондурас және Венесуэла сияқты елдерге жасалатын теңіз сапарларының күндер созылуы мүмкін екендігі және миллиондаған долларға шығындалатыны баса айтылды.
Сондай-ақ бұл сапарлар кезінде өте көп қауіпсіздік қызметкері қажет болуы мүмкіндігіне, сапар барысында мигранттардың қамауда ұсталып-ұсталмайтынына және ұйықтау жағдайларының қалай ұйымдастырылатынына қатысты белгісіздіктер бар екеніне назар аударылды.






















