Иран президенті Масуд Пезешкиан Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен кездесуінде АҚШ-пен келіссөзге қатысты пікір білдірді.
Иран президенті әкімшілігінің мәлімдемесіне сәйкес, Пезешкиан мен Мирзоян ел астанасы Тегеранда кездесті.
Кездесу барысында Пезешкиан: «АҚШ-пен арамыздағы мәселе — келіссөз үстеліне отырған сайын бізге соғыстың таңылуы», - деді. Оның айтуынша, Вашингтон әкімшілігі келіссөздер жүріп жатқан кезде Иранға үш рет шабуыл жасаған. Пезешкиан бұл жағдай «АҚШ-тың диалогқа ұмтылмайтынын, керісінше Иранды күйретуді көздейтінін көрсетеді» деп бағалады.
Иранның ядролық қызметіне қатысты адалдығын бірнеше рет дәлелдегенін айтқан Пезешкиан елінің Халықаралық атом энергиясы агенттігі тарапынан ең көп тексерілген мемлекет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған қарамастан АҚШ «негізсіз айыптаулармен» Иранға қысым жасап отыр.
Пезешкиан сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен Иранның ядролық қызметіне қатысты тексерулер мен диалогқа ашық екенін мәлімдегенін еске салды. Алайда оның айтуынша, әрбір тексеру барысында Иранның ядролық нысандары мен ғалымдары анықталып, кейін оларға қастандық жасалған.
Пезешкиан АҚШ-тың Минабтағы мектепке жасалған шабуыл мен сол шабуылдан қаза тапқан 168 баланың өлімі үшін жауап бермегенін, соған қарамастан адам құқықтары туралы айтып отырғанын мәлімдеді.
«Үнемі қастандық ұйымдастырып, санкция енгізіп, қысым көрсетіп, келісімдерді бұзатын дұшпанмен (АҚШ) келіссөз жүргізудің мәні жоқ. Біздің халқымыз да мұны қабылдамайды», - деді Пезешкиан.





















