Ресей Украинаның Чернигов қаласын толықтай жарықсыз қалдырды

Ресей Украинаның солтүстігіндегі Чернигов облысына ауқымды дрон шабуылын жасады.

By
Ресей шекарасына жақын әрі Беларусьпен шектесетін Чернигов облысының соғысқа дейін шамамен бір миллион халқы болғаны хабарлануда. / AP

Облыс әкімі Вячеслав Чаус сенбі күні жасаған мәлімдемесінде шабуылдан кейін өңірдің басым бөлігінде электр қуаты өшкенін, ал облыс орталығы Чернигов қаласының толықтай жарықсыз қалғанын хабарлады.

Билік өкілдері электрмен жабдықтауды қалпына келтіру үшін жөндеу бригадаларының жұмысқа кіріскенін мәлімдеді.

Ресей шекарасына жақын әрі Беларусьпен шектесетін Чернигов облысының соғысқа дейін шамамен бір миллион халқы болғаны хабарлануда.

Соғыс бойы Ресей Украинаның энергетикалық инфрақұрылымын жиі нысанаға алып келеді, соның салдарынан ел аумағында жарық бірнеше сағатқа өшіріліп тұрады.

Ал Ресей Қорғаныс министрлігі түн ішінде Украинаның 283 дроны атып түсірілгенін мәлімдеді.

Ең қарқынды шабуыл Украина шекарасына жақын Ростов облысында болғаны және мұнда 90 дронның атып түсірілгені хабарланды.

Украина делегациясы АҚШ-та

Украина делегациясының АҚШ-тың Майами қаласына барып, америкалық тараппен келіссөздерді бастағаны хабарланды.

Делегация құрамында Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің басшысы Рүстем Умеров, Президент кеңсесінің басшысы Кирило Буданов, депутат Давид Арахамия және Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Кислица бар.

АҚШ тарапынан келіссөздерге Джаред Кушнер мен Ақ Үйдің арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысуда.