Атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, Израиль күштерінің Газа секторына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасаған шабуылдарынан екі палестиналық қаза тауып, сегіз адам жараланды.
«Шифа» ауруханасынан алынған мәліметке сәйкес, Израиль күштерінің Газа қаласының солтүстігіне жасаған шабуылынан 26 жастағы палестиналық Айман Зияд Салиха қаза тапты.
Жергілікті дереккөздердің хабарлауынша, Израильдің ұшқышсыз ұшу аппараты Газа қаласының солтүстік-батысындағы Андалус мұнарасы маңында бейбіт тұрғындар орналасқан аумақты нысанаға алған.
Сонымен қатар медициналық дереккөздер Газа секторының солтүстік-батысындағы Судания аймағы мен Бейт-Лахия елді мекенінде Израиль күштерінің оғынан палестиналықтардың жараланғанын хабарлады.
Израиль күштері Газа секторында 2025 жылдың 10 қазанында күшіне енген атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, шабуылдарын жалғастырып келеді.
Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметіне сәйкес, атысты тоқтату туралы келісім күшіне енгеннен бері Израильдің шабуылдары салдарынан 1679 палестиналық қаза тауып, 6 мың 100 адам жараланған.
2023 жылдың қазан айынан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 74 мың 746-ға, ал жараланғандар саны 176 мың 234-ке жетті.














