Қазақстан президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді.
Жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталған жиында Тоқаев бұл оқиғаны кейбір әскери басшылардың өрескел салғырттығы мен қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауының салдары деп бағалады.
Президент жаттығу кезінде әскери қызметшілерге қажетті құтқару кеудешелері толық берілмегенін атап өтті.
Тоқаев президент шешіміне сәйкес Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды жан-жақты тексеру басталғанын айтты. Оның сөзінше, тексеру әскери қызметті ұйымдастыру, армияны жабдықтау, сондай-ақ материалдық және қаржылық ресурстарды пайдалану мәселелерін қамтиды.
Президент Тоқаев армияда ауқымды әскери реформа жүргізу қажет екенін атап өтті.
Ол басқару жүйесін халықаралық тәжірибеге сай қайта құру керектігін айтып, армияны цифрлық трансформациялау жөнінде тапсырма берді.
Тоқаев кейбір салаларда адам еңбегін технологиямен алмастыру қажет екенін айтып, армияда тек «көрсету үшін» өткізілетін жаттығулардың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.
Президент Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығы мен Қорғаныс министрлігіне 10 күн ішінде Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Оқиға
24 қыркүйекте Қазақстанның Каспий теңізі жағалауында өткен «Каспий қорғаны-2026» әскери жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні ағыс алып кеткен. Соның салдарынан 14 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылды.
Оқиғадан кейін елде 25 қыркүйек Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Сондай-ақ жоғары лауазымды 5 әскери қызметкер қамауға алынып, Қорғаныс министрі қызметінен босатылды.



























