«Лейла» сериалы дүйсенбі күні Нью-Йоркте өткен 54-ші Халықаралық Emmy сыйлығын табыстау рәсімінде «Үздік теленовелла» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Осы марапатпен Түркия тағы халықаралық телевизия саласындағы беделді жүлделердің біріне ие болды.
«Ay Yapım» студиясы түсірген «Лейла» бұл санатта Түркияның «Алыс қала», Бразилияның «Garota do Momento» және Испанияның «Valle Salvaje» сериалының екінші маусымымен бақ сынасты.
Бразилиялық «Avenida Brasil» сериалының желісі бойынша түсірілген «Лейла: Өмір... Махаббат... Әділет» өгей анасы қоқысқа тастап кеткен, жылдар өткен соң кек алу үшін қайта оралған және осы жолда махаббат пен әділеттілікке қатысты сұрақтармен бетпе-бет келген жас әйелдің оқиғасын баяндайды.
Бұл кезекті марапат Түркияның осы аталымда 2017 жылы «Қара махаббат», 2023 жылы «Үкім» және 2025 жылы «Данышпан» сериалдарымен қол жеткізген жетістіктерінің жалғасы болды.
Актер Майкл Ури жүргізген салтанатты шарада 22 елден 64 үміткер 16 номинация бойынша бақ сынады.
Ұлыбритания тоғыз марапатпен көш бастаса, Аргентина, Бельгия, Франция, Германия, Оңтүстік Африка және Түркия туындылары да жүлделі орындардан көрінді.













