АҚШ Ұлттық барлау директоры Джей Клейтон елдің ескірген цифрлық инфрақұрылымын жаңарту барысында көлік, банк және байланыс жүйелерінде іркілістердің көбеюі мүмкін екенін ескертті. Ол мұндай ақаулардың технологиялық жаңғыру үдерісінің ажырамас бөлігі екенін мәлімдеді.
Джей Клейтон “CNN” телеарнасына берген сұқбатында АҚШ-та соңғы апталарда технологиялық компаниялар мен федералдық мекемелерде болған техникалық ақауларға қатысты мәлімдеме жасады.
Клейтон АҚШ-тың дамыған цифрлық инфрақұрылымының басым бөлігі 30 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқан ескі жүйелерден тұратынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жүйелерді өнімділік пен киберқауіпсіздік тұрғысынан жаңарту қажет.
«Жүргізіліп жатқан жаңарту жұмыстары аясында техникалық ақаулар, жүйелердің жұмысындағы үзілістер және қызмет көрсетуде қиындықтар туындайды», – деді ол.
Клейтон технологиялық жетістіктер есептеу қуаты мен бағдарламалық қосымшалар саласында ауқымды өзгерістерге алып келгенін, сондықтан қолданыстағы жүйелердің де осы өзгерістерге бейімделуі қажет екенін айтты.
Джей Клейтон сондай-ақ АҚШ-та өндірілген озық жасанды интеллект чиптерінің Қытайға жеткізіліп жатқаны туралы мәлімдемелерге де тоқталды.
Ол “Nvidia” компаниясының ең озық чиптеріне әлем бойынша сұраныс жоғары екенін атап өтіп, Қытайдың бұл чиптерге қол жеткізуіне мүмкіндік беретін арналар бар деп есептейтінін жеткізді.
Клейтон АҚШ-тың Нью-Йорк Оңтүстік округінде аталған чиптерді Қытайға жөнелтуге қатысы бар бір компанияға қатысты айыптау қорытындысы дайындалғанын еске салды.
«Айыптау қорытындысына қарағанда, чиптерді Қытайға бағыттау әрекеттері жасалғанын және бұл әрекеттердің сәтті жүзеге асқанын байқауға болады», – деді Клейтон.















