Швеция академиясында өткен баспасөз мәслихатында 2026 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының лауреаты жарияланды.
Мәлімдемеге сәйкес, «классикалық дәстүрмен еркін диалог жүргізе отырып, заманауи әдебиет үшін жаңа формалар қалыптастырған батыл әрі инновациялық шығармалары үшін» канадалық жазушы Энн Карсон сыйлықтың иегері атанды.
2025 жылғы Нобель әдебиет сыйлығы «әсерлі әрі көреген» шығармалары үшін 72 жастағы венгриялық жазушы әрі сценарист Ласло Краснахоркаиға берілген болатын.
Энн Карсон деген кім?
1950 жылы Канаданың Торонто қаласында дүниеге келген Карсон ақын, жазушы, аудармашы әрі академик ретінде танымал.
Торонто университетінде білім алып, магистратура мен докторантурасын да осы университетте тамамдаған Карсон 1979 жылдан бері Канада мен АҚШ-тағы Макгилл, Мичиган, Нью-Йорк және Принстон университеттерін қосқанда түрлі жоғары оқу орындарында классикалық әдебиет, салыстырмалы әдебиеттану және шығармашылық жазу салаларында дәріс берді.
Карсонның ең белгілі кітаптарының қатарына «Eros the Bittersweet», «Autobiography of Red», «Men in the Off Hours» және «The Beauty of the Husband» жатады.
Осы уақытқа дейін көптеген шығарма мен аудармасы жарық көрген Карсон біршама әдеби сыйлықпен марапатталған.
Карсон Канада әдебиетіне қосқан үлесі үшін 2005 жылы Канада орденімен марапатталды.
Нобель сыйлығы туралы
Швед өнертапқыш Альфред Нобельдің өсиеті бойынша ол қайтыс болғаннан кейін 1900 жылдың 29 маусымында құрылған Нобель қорының адамзатқа қызмет еткен тұлғаларға беретін сыйлықтары әлемдегі ең беделді марапат болып саналады.
Нобель сыйлықтары Швеция Корольдік Ғылым Академиясы, Швеция Академиясы, Каролинка институты және Норвегия Нобель комитеті тарапынан физика, химия, әдебиет, бейбітшілік және медицина сияқты 5 салада ең үздік деп танылған тұлғаларға немесе ұйымдарға тапсырылады.

Бұған қоса Нобель экономика сыйлығы 1968 жылы Швеция Орталық банкінің Альфред Нобельді еске алу құрметіне экономика саласында да сыйлық беру туралы шешімінен кейін алғаш рет 1969 жылы берілді.
Нобель сыйлықтары жыл сайын Альфред Нобель қайтыс болған күн 10 желтоқсанда өтетін салтанатты рәсімде иелеріне тапсырылады.
Екінші жағынан марапаттар 1901 жылдан бері бірнеше жылы берілмей қалды. Мұндай жағдайлардың көбі Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар кезінде тіркелді. Марапаттау рәсімдері COVID-19 пандемиясы салдарынан 2020 және 2021 жылдары да өткізілген жоқ.





















