ТҮРКИЯ
2 ... минут оқылды
Стамбул әуежайы көш бастап тұр
АҚШ-тың «CNN» телеарнасы Стамбул әуежайының Лондондағы Хитроу әуежайын басып озып, әлемдегі халықаралық әуе бағыттары ең көп тоғысатын әуежай атанғаны туралы мақала жариялады.
Стамбул әуежайы көш бастап тұр
Стамбул әуежайы / TRT Haber

«CNN» журналисі Морин О’Хэрдің мақаласында Стамбул әуежайының әлемдік авиация саласындағы қарқынды дамуы баяндалды. Мақалада әуежайдың ауқымды көлемі, Түрік әуе жолдары компаниясының дүниежүзін қамтитын ұшу бағыттары және Еуропадағы бәсекелес әуежайлармен салыстырғанда ұшу рейстерін ұйымдастыру мүмкіндіктері атап өтілді.

Сондай-ақ Стамбулдың тарихи Жібек жолы заманынан бері маңызды сауда орталығы болғаны атап өтілді. Ал ХХІ ғасырда Стамбул әуежайы әлемдік авиация саласында көшбасшыға айналғаны айтылды.

Әлемдік әуе тасымалы туралы деректерді жинайтын «OAG» компаниясы әзірлеген «Megahubs 2026» индексіне сәйкес, Стамбул әуежайы Лондондағы Хитроу әуежайын басып озып, әлемдегі халықаралық әуе бағыттары ең көп тоғысатын әуежай атанды.

Рейтингте Амстердамдағы Схипхол әуежайы үшінші, Куала-Лумпур әуежайы төртінші, ал Чикагодағы О’Хэр әуежайы бесінші орында.

Манхэттеннен де үлкен аумақ

Морин О’Хэр өз мақаласында 2018 жылы ашылған, құрылысына 12 миллиард доллар жұмсалған Стамбул әуежайының қысқа уақыт ішінде қарқынды дамығанын атап өтті.

Бір шатырдың астында орналасқан, аумағы 1,4 миллион шаршы метр болатын терминал әлемдегі ең үлкен терминал саналады. Ал әуежайдың жалпы аумағы 76,5 миллион шаршы метр. Ал көлемі жағынан Манхэттеннен де үлкен.

Жыл сайын 84 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсететін әуежайдың мақсаты – жылына 200 миллион жолаушыға қызмет көрсету.

Мақалада «OAG» компаниясының бас сарапшысы Джон Грант Стамбул әуежайының әлемдік рейтингте бірінші орынға шыққанын атап өтті. Оның айтуынша, ұшу-қону жолақтарының мүмкіндігі, Түрік әуе жолдары компаниясының табысты қызметі және Орталық Азия сияқты дамып келе жатқан нарыққа жақын орналасуының арқасында әуежай алдағы жылдары да жетекші орнын сақтап қалады.

Ал «İGA Стамбул» әуежайының бас директоры Селахаттин Билген бұл жетістік әуежайдың халықаралық авиацияның маңызды орталықтарының біріне айналғанын көрсететінін атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда әуежайдан әлемнің 350-ге жуық бағытына ұшақтар қатынайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі арттыру жоспарланып отыр.