ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
2 ... минут оқылды
БҰҰ шақыруымен Бангладеш Мьянмаға гуманитарлық дәліз ашады
Бангладеш қазіргі уақытта 2017 жылдың тамызындағы әскери операциялардан қашқан және Кокс-Базарда орналасқан 1,3 миллионнан астам рохинджа босқынына пана болып отыр.
БҰҰ шақыруымен Бангладеш Мьянмаға гуманитарлық дәліз ашады
/ AFP

Бангладеш билігі соғыс қиратып кеткен Мьянма азаматтарына арналған гуманитарлық дәлізді Мьянманың Ракхайн штатымен шекарада ашу туралы БҰҰ-ның сұранысын қабылдағанын мәлімдеді.

Бангладештің Сыртқы істер жөніндегі кеңесшісі Мухаммед Товхид Хоссейн жексенбі күні ел астанасы Даккада журналистерге: «БҰҰ Мьянманың Ракхайн штатына гуманитарлық көмек жеткізу үшін Бангладеш аумағы арқылы гуманитарлық дәліз құруды сұрады. Уақытша үкімет белгілі бір шарттармен бұл ұсынысты мақұлдады», – деді.

Хоссейн сөзін жалғастырып, «Бұл тек гуманитарлық мақсаттағы дәліз болады. Бірақ біздің өз шарттарымыз бар. Толық мәлімет бере алмаймын. Егер шарттар орындалса, көмек көрсетеміз», – деді.

Хоссейн Мьянмадағы қақтығыстың Бангладештің мүддесімен тікелей байланысты екенін айтты: «Мьянмадан көшкен көп адам бізге босқын ретінде келді және біз оларды елдеріне қайтарғымыз келеді. Оларды кері қайтару үшін қажет барлық қадамды жасауымыз керек», – деді.

Гуманитарлық дағдарыс

Мьянманың әскери билігі Ракхайн штатында әрекет ететін Аракан армиясы атты көтерілісшілер тобын оқшаулау үшін гуманитарлық көмектің барлық түріне тосқауыл қойды. Бұл жағдай өңірдегі гуманитарлық дағдарысты одан әрі ушықтырды.

БҰҰ Ракхайн штатында ашаршылық қаупінің бар екенін айтып, Бангладештен гуманитарлық көмекті жеткізу үшін дәліз ашуды сұрады.

Әдетте мұндай гуманитарлық дәліздер бейбіт тұрғындарға көмек көрсету үшін ашылады, алайда кей жағдайларда ол арқылы бүлікшілер немесе террористік топтар сияқты қылмыстық ұйымдар қауіпсіз өту мүмкіндігін пайдаланып кетуі мүмкін деген алаңдаушылық туындауда. Бұл өңір сондай-ақ есірткі мен заңсыз қару-жарақ контрабандасының белгілі бір бағыты ретінде де танымал.

Осы алаңдаушылықтарға жауап ретінде Хоссейн: «Дәліз тек гуманитарлық жүк үшін қарастырылған, қару тасымалдауға жол берілмейді», – деп мәлімдеді.

Мьянмамен шекара мәселесіне тоқталған Хоссейн: «Бұл аймақта шекараның барлық бөлігі мемлекеттік емес құрылымның (Аракан армиясының) бақылауында. Мьянма орталық үкіметінің (әскери хунта) бұл өңірде ешқандай бақылауы жоқ. Сондықтан өз қауіпсіздігіміз үшін мемлекеттік емес құрылымдармен ресми байланыс орната алмаймыз. Бірақ қалай болғанда да олардан толықтай оқшаулана алмаймыз… Қажет болған жағдайда ғана байланыс орнатамыз», – деп түйіндеді.

 

Іздеу
Әзербайжан президенті Әлиев Бакуде «құпия» кездесу өткенін мәлімдеді
Жапониядағы математика олимпиадасына Түркиядан қатысқан 11 оқушы 11 медаль жеңіп алды
«ASELSAN» Босния және Герцеговинаға дрондарға қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізеді
Тәжікстанға жылдың алғашқы жартысында 889 мың 400 шетелдік турист келді
Пәкістан мен Үндістанда нөсер жаңбырдан қаза тапқандар саны артуда
Таиландта қауіпсіздік бекетіне шабуыл жасалды
Атлант мұхитына құлаған "Pan Am" ұшағының қалдықтары 74 жылдан кейін табылды
АҚШ Иранның әскери нысандарына шабуылдады
Тарихта алғаш рет адам тәріздес роботтар тірі жануарларға ота жасады
Кремль: «Украинамен қақтығысты тоқтату жөніндегі талаптарымыз өзгерген жоқ»
АҚШ-тың B-1 бомбалаушы ұшақтарын қайта қолдана бастағаны хабарлануда
Иранның Хузестан провинциясында зымыран шабуылынан екі адам қаза тапты
Түркияның волейболдан әйелдер және ерлер құрамалары «VNL» финалына шықты
НАТО-ның «Front Door» бастамасы Түркиямен қорғаныс ынтымақтастығын күшейтеді
Түркияның «AKYA» торпедасы сынақтан сәтті өтті