Басып алынған Шығыс Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітінің ауласы айт намазын оқуға келген мұсылмандарға толды.
Бұл күні мұсылмандар Ибраһим пайғамбардың жанқиярлығын еске алып құрбан шалады, ал құрбандыққа шалынған малдың еті мұқтаж жандарға таратылады.
Мұсылман күнтізбесіндегі ең маңызды мерекелердің бірі саналатын құрбан айт биыл Израиль атысты тоқтату келісімін бұзуды жалғастырып жатқан кезеңге тұспа-тұс келді.
Мереке алдында Израиль әскері басып алынған Батыс Шерияның оңтүстігіндегі қалаларға рейд жүргізіп, саудагерлерді дүкендерін жабуға мәжбүрледі және жергілікті тұрғындарға шабуыл жасады. Бұл туралы куәгерлер мен Палестинаның мемлекеттік БАҚ өкілдері хабарлады.
Рейдтер Палестина үкіметі мемлекеттік қызметкерлердің жалақысының бір бөлігін төлегеннен кейін, құрбан айт қарсаңында елді мекен орталықтары адамға лық толған кезде ұйымдастырылды.
Негізгі рейд Әл-Халил қаласының оңтүстігіндегі Дура елді мекенінде жүргізілді. Куәгерлердің Анадолы агенттігіне мәлімдеуінше, Израильдің әскери көліктері халық көп жиналған сәтте қала орталығына кіріп, көзден жас ағызатын газ қолданып, саудагерлерді дүкендерін жабуға мәжбүрлеген.













