ТҮРКИЯ
3 ... минут оқылды
Президент Ердоған: «Түркия Израильдің аймақты қан көліне айналдыруына үнсіз қалмайды»
Режеп Тайып Ердоған Түркияның көрші елдерді алаламайтынын және өңір халқының тартқан азабына бейжай қарамайтынын атап өтті.
Президент Ердоған: «Түркия Израильдің аймақты қан көліне айналдыруына үнсіз қалмайды»
Президент Ердоған: «Түркия Израильдің аймақты қан көліне айналдыруына үнсіз қалмайды» / AA
27 Наурыз 2026

Режеп Тайып Ердоған Иранға қарсы соғыстың Таяу Шығысты одан әрі тұрақсыздыққа итермелеп жатқанын ескертіп, Беньямин Нетаньяхуды қақтығысты бүкіл аймаққа таратып жатыр деп айыптады.

Бейсенбі күні Анкарада Әділет және даму партиясының конгресс залында өткен облыс басшыларының жиналысында сөз алған Ердоған бұл соғыс өңірді соңғы жүзжылдықтағы ең ауыр кезеңдердің біріне итермелеп отырғанын айтты.

Ердоған: «Иранға қарсы соғыс өңірімізді қан мен оқ-дәрі иісіне тұншықтыруда. Бейкүнә балалар сыныпта отырған кезде зымырандардың нысанасына айналуда», – деді.

Түркия президенті қазіргі жағдайды Таяу Шығыс үшін тарихи бетбұрыс кезеңі деп атап, Израильдің өшпенділігі мен идеологиялық әсірешілдігі аймақты апатқа итермелеп жатқанын ескертті.

ҚатыстыTRT Қазақ - Президент Ердоған Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылықты дереу тоқтатуға шақырды

«Өңіріміз соңғы жүзжылдықтағы ең ауыр күндерді бастан кешіруде. Өшпенділікке бой алдырған геноцид құрылым дінді сылтау етіп аймағымызды апатқа итермелеп жатыр», – деді Ердоған.

Сондай-ақ ол: «Барша жұрт мынаны білсін! Біз бауырларымыз бен көршілерімізді ешқашан  алаламаймыз және олардың қайғы-қасіретіне ешқашан бейжай қарамаймыз. Түркия және түрік халқы ретінде біз дос әрі бауыр халықтарды ешқашан жалғыз қалдырмаймыз», – деді.

Ливан

Ердоғанның айтуынша, Нетаньяху үкіметі тек Иранды нысанаға алып қана қоймай, сонымен бірге Ливанды басып алу жоспарларын да кезең-кезеңімен іске асырып жатыр.

Режеп Тайып Ердоған шамамен бір айдан бері жалғасып жатқан шабуылдар барлық халықаралық қағида мен норманы елемей отырғанын айтып, «мұны жасағандар зардап шеккен адамдарды ұлтына, дініне немесе болмысына қарай бөліп қарай ма?»,- деген сұрақ қойды.

Ердоған: «27 күн бойы барлық қағиданы, құндылықты және норманы елемеген басқыншылар бізге бір нәрсені анық көрсетті. Оларға біздің шиіт не сүннит, түрік, күрд, араб немесе парсы екеніміздің қандай да бір маңызы бар ма?» – деді.

Ол қақтығыстың бейбіт халыққа тигізген салдарына қатты қайғарып, бұл қайғының бүкіл өңірге ортақ екенін атап өтті.

«Қан жылаған жүрекпен сұраймын, Исфаһан мен Тегеранда төгілген көз жасының Эрбиль, Бағдат, Бейрут немесе Эр-Риядта төгілген көз жасынан қандай айырмашылығы бар?» – деді ол.

Режеп Тайып Ердоған бұл қақтығысты негізінен Израильдің соғысы деп бағалағанымен, оның ауыртпалығын бейбіт халық көріп отырғанын атап өтті.

«Бұл Израильдің соғысы болуы мүмкін, бірақ оның зиянын әуелі мұсылмандар, кейін бүкіл адамзат көріп отыр», – деді ол.

Сионистік стратегиялар

Режеп Тайып Ердоған сондай-ақ өңір халықтары арасында бөлінуді тереңдетуге бағытталған әрекеттерге қарсы ескерту жасап, сионистік стратегиялар мазхабтық және этникалық шиеленістерді қоздыруды мақсат ететінін айтты.

«Біз бауырлас халықтар арасында дұшпандықты өршітетін немесе сионизмнің өңірімізге бағытталған «бөліп ал да билей бер» жоспарына қолдау көрсететін кез келген әрекет пен пікірталасты қабылдамаймыз», – деген Түркия президенті бомба мен зымыран дыбысы басылғаннан кейін Таяу Шығыс халықтары қайтадан бірге өмір сүруге мәжбүр болатынын еске салды.

«Бомбалар мен зымырандардың үні өшкеннен кейін де біз осы өңірде бірге өмір сүре береміз. Мұны ешкім ұмытпауы тиіс», – деді Ердоған.

Ердоған сондай-ақ әл-Ақса мешітінде мұсылмандардың ғибадат етуіне қойылған шектеулерді айыптап, 1967 жылдан бері алғаш рет бұл қасиетті орында Айт намазы оқылмағанын айтты.

«Бұл заңсыздық – екі миллиард мұсылманның сеніміне жасалған өрескел шабуыл. Мұсылмандардың әд-Ақсада ғибадат ету құқығы ешқандай жағдайда шектелмеуі тиіс»,- деп қосты.

Түркияның дипломатиялық ұстанымын қайталаған Ердоған Анкараның бейбітшілік пен тұрақтылыққа бағытталған сыртқы саясатын жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Ердоған сөзін «Баршаға бейбітшілік, баршаға тұрақтылық және баршаға өркендеу қағидатына негізделген сыртқы саясатымыздан ешқашан бас тартпаймыз», – деп түйіндеді.

Іздеу
Түрік барлау қызметі аймақтық шиеленісті бәсеңдетуге қалай көмектесуде?
Стамбулдағы полиция бекетіне жасалған террорлық шабуылдан кейін 10 адам ұсталды
Президент Ердоған АҚШ пен Иран арасындағы бітімді құптады,«арандатушылықтардан» сақтандырды
Түркия уақытша бітімді құптайды және оның «толық жүзеге асырылуын» талап етеді
АҚШ пен Иранның келісімінен кейін мұнай бағасы төмендеп, акциялар артты
АҚШ пен Иран атысты тоқтату туралы келісті, келіссөздер Исламабадта өтеді
Түркия мен Пәкістан Сыртқы істер министрлері Ирандағы соғысты талқылады
АҚШ пен Израиль Иранның Харк аралын атқылады
Иранның әуежайлары мен қалаларына әуеден шабуыл жасалды
Стамбулдағы Израиль консулдығы маңында болған қарулы қақтығыста үш террорист залалсыздандырылды
"Пәкістанның Таяу Шығыстағы бейбітшілік келіссөзіндегі рөлі "маңызды" кезеңге жақындап келеді"
Франция Иранның инфрақұрылымына жасалатын шабуылдар туралы АҚШ-қа ескерту жасады
«Израиль Иранмен соғысты тоқтатуға бағытталған барлық әрекеттерге кедергі келтіруде»
АҚШ сенаторлары: “Трамптың Иранға бағытталған қоқан-лоққылары соғыс қылмысына тең”
АҚШ пен Израиль Иранның ең ірі мұнай-химия кешенін нысанаға алды