Қытай АҚШ-ты дипломатияға шақырды

Пекин Латын Америкасы мен Кариб бассейнінің одан әрі тұрақсыздануын болдырмау үшін дипломатия мен ынтымақтастыққа шақырды.

By
Қытай АҚШ-ты дипломатияға шақырды / Reuters

Қытай АҚШ-тың Латын Америкасы бойынша әскери операцияларының күшеюі аясында «сыртқы күштердің» Венесуэланың ішкі ісіне араласуына қарсы екенін мәлімдеді.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзян сәрсенбі күні Пекинде өткен кезекті баспасөз мәслихатында: «Қытай БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын бұзатын, сондай-ақ басқа мемлекеттердің егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген әрекетке қарсы», -  деп мәлімдеді.

Пекин сондай-ақ Венесуэланың ішкі ісіне қандай да бір себеппен сыртқы күштердің араласуына қарсы екенін атап өтіп, барлық тараптарды Латын Америкасы мен Кариб аймағын «бейбітшілік аймағы» ретінде сақтауға және жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеуге шақырды.

Қытайдың бұл мәлімдемесі АҚШ-тың Латын Америкасы бойынша кеңейтілген әскери операцияларынан кейін жасалды. Операциялар аясында теңіз жаяу әскерлері, әскери кемелер, жойғыш және бомбалаушы ұшақтар, сүңгуір қайықтар және ұшқышсыз аппараттар орналастырылып, Вашингтонның Венесуэлаға соққы беруі мүмкін деген болжамдар күшейген болатын.

АҚШ әскері күдікті есірткі тасымалдаушыларға қарсы 21 операция жүргізді. Бұл операциялар барысында кемінде 83 адам қаза тапты. Вашингтон оларды «нарко-террористер» деп атады.

АҚШ президенті Дональд Трамп өткен сенбіде Венесуэла және оның маңайындағы әуе кеңістігі «толық жабық» деп саналуы тиіс екенін мәлімдеді. Бұл қадам екі ел арасындағы соңғы кезеңдегі кезекті шиеленіс ретінде бағаланды.