Сәрсенбі күні таратқан мәлімдемесінде БҰҰ-ның азық-түлік көмегі жөніндегі агенттігі ірі донорлар тарапынан жасалған қаржылай қолдаудың азаюы алты елдегі операцияларға кері әсер еткенін айтып, шамамен 14 миллион адамның төтенше деңгейдегі аштық қаупінде тұрғанын ескертті.
Дәстүрлі түрде БҰҰ жүйесіндегі ең көп қаржыландыру алатын агенттік саналатын Әлемдік азық-түлік бағдарламасы жаңа есебінде биыл «қаржыландыру ешқашан мұншалықты қиындыққа тап болмағанын» атап өтті. Бұл жағдайдың басты себебі ретінде Трамп әкімшілігі тұсындағы АҚШ-тан және басқа жетекші Батыс донорларынан келген бюджеттің қысқартуы көрсетілді.
Агенттіктің дерегінше, көмек алып жүрген 13,7 миллион адам қаржыландырудың азаюы салдарынан төтенше деңгейдегі аштық қатеріне тап болуы мүмкін. «Ауыр соққы» алған елдердің қатарында Ауғанстан, Конго Демократиялық Республикасы, Гаити, Сомали, Оңтүстік Судан және Судан бар.
Атқарушы директор Синди Маккейн: «Миллиондаған адам үшін өмір сүріге маңызды көмектің көз алдымызда жоғалып бара жатқанын көріп отырмыз. Бұл жай ғана қаржы тапшылығы емес — біздің істеуіміз керек нәрсе мен қолымыздан келіп тұрған мүмкіндіктің арасындағы айырмашылық. Аштықпен күрестегі ондаған жылдық жетістігімізден айырылу қаупі бар», — деді.
Римде орналасқан агенттік жаһандық аштықтың қазірдің өзінде рекордтық деңгейге жеткенін, 319 миллион адам өткір азық-түлік тапшылығымен, ал 44 миллион адам төтенше деңгейдегі аштықпен бетпе-бет екенін хабарлады.
Мәліметке сай, Ауғанстанда азық-түлік көмегі азық-түлікке мұқтаж адамдардың 10 пайызынан азына ғана жетіп отыр.
WFP биыл АҚШ-тан шамамен 1,5 миллиард доллар алуды күтуде. Бұл өткен жылғы 4,5 миллиард доллармен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Басқа ірі донор елдер де өз үлестерін азайтқан.
Көші-қон, денсаулық сақтау және босқындармен жұмыс істейтін агенттіктерді қоса алғанда көптеген БҰҰ құрылымдары биыл дәстүрлі ірі донорлардан келетін қолдаудың азаюына байланысты көмек пен қызметкерлер санын қысқартуға мәжбүр болды. Гуманитарлық қауымдастық АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) бюджетінің күрт қысқаруынан да зардап шегіп отыр.