Түркия Таяу Шығыстағы азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қадам басуда
Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі аймақтағы шабуылдар нысанасына айналған елдердегі түрік азаматтарын қорғау үшін қажетті шаралардың қабылданғанын мәлімдеді.
Түркия Республикасының Сыртқы істер министрлігі сенбі күні АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған бірлескен шабуылдарынан басталған соғыстан зардап шеккен Таяу Шығыс елдеріндегі түрік азаматтарына дипломатиялық миссиялар арқылы қолдау көрсетіліп жатқанын хабарлады.
Министрлік өкілі Өнжу Кечели жұма күні “X” платформасында жасаған мәлімдемесінде қақтығыс аймақтарында қалған түрік азаматтарын қорғау үшін тиісті шаралардың жүзеге асырылғанын атап өтті. Кечели Түркияның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат бойы шұғыл байланыс желілерімен қызмет көрсетіп жатқанын, азаматтардың өздері жүрген елдердегі түрік елшіліктері мен консулдықтарының хабарландыруларын жіті қадағалауы керектігін айтты.
Кечели түрік азаматтарының Ирак, Иран, Израиль, Ливан, Сауд Арабиясы, Сирия, Оман және Иорданиядан түрлі көлік бағыттары арқылы шыға алатынын, бұл елдердегі дипломатиялық миссиялар қауіпсіз сапар ұйымдастыру бойынша бағыт-бағдар беріп жатқанын жеткізді.
Бахрейн, Катар және Кувейттен Түркияға тікелей әуе қатынасы жоқ екенін атап өткен Кечели Біріккен Араб Әмірліктерінен Түркияға рейстердің өте сирек және тек ерекше жағдайларда ғана жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұл төрт елдегі түрік азаматтарын құрлық жолымен Сауд Арабиясы мен Оманға тасымалдау үшін автобус рейстерін ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатқанын, сол жерден азаматтардың Түркияға ұша алатынын білдірді. Алайда ол автобус рейстерін бастау жергілікті биліктің рұқсатына байланысты екенін қоса кетті.
Кечели аймақтағы жағдайдың тез өзгеріп жатқанын ескертіп, түрік азаматтарын дипломатиялық миссиялардың нұсқауларын мұқият орындауға шақырды.