Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты жүзеге асырған «Орталық Азияның тарихи географиясы» жобасы 3 жылдық зерттеу жұмыстарынан кейін аяқталды.
Жобаның нәтижелері мен әзірленген еңбектер Алматы қаласында өткен халықаралық іс-шарада көпшілік назарына ұсынылды.
Шараға Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор Хүсейін Қараман, жобаға үлес қосқан ғалымдар, академиктер, университет өкілдері, студенттер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Бағдарламаның ашылу салтанатында Өкілетті кеңес төрағасы, профессор Хүсейін Қараман жобаның түркі әлемінің ғылыми және мәдени мұрасы тұрғысынан маңыздылығына баға берді.
Алғы сөздерден кейін жоба аясында жарық көрген «IX–XV ғасырлардағы Шығыс Дешті Қыпшақтың тарихи географиясы (араб дереккөздері бойынша)», «XVIII–XIX ғасырлардағы Қазақия (Qazaqia) және Орталық Азияның тарихи географиясы», «Орталық Азияның тарихи топонимдерінің географиялық негіздері» және “Кейінгі орта ғасырлар кезеңіндегі Қазақстан қалалары мен қоныстары» атты монографиялар мен «Орталық Азияның тарихи географиясы атласының» тұсаукесер лентасы салтанатты түрде қиылды.
Түркі әлемінің тарихи географиясы цифрлық ортаға көшірілді. Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, доцент Суат Бейлур өз сөзінде жобаның даму барысы, мақсаттары және қол жеткізілген ғылыми жетістіктері туралы баяндады.
Мәлімдемеде «2023–2025 жылдар аралығында жүргізілген жоба аясында Шығыс және Батыс дереккөздері негізінде түркі, араб, парсы, қытай, моңғол, еуропалық және орыс картографиялық дәстүрлеріне тән еңбектер зерттелді. Америка Құрама Штаттары, Еуропа және Азия елдерінің архив, кітапхана және музей қорларында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде XI–XIX ғасырларға жататын 172 тарихи карта анықталып, жүйелі түрде каталогталды», – делінген.
Жобаның айрықша нәтижелерінің бірі интерактивті цифрлық платформа болды. Қазақ және ағылшын тілдерінде әзірленген интерактивті платформа Түркістан өңірінің XI және XIX ғасырлар аралығындағы тарихи-саяси географиясын цифрлық кеңістікте біріктіреді.
Платформада шамамен 40 мемлекет пен саяси құрылымның шекара өзгерістері, 173 тарихи карта, ежелгі елді мекен орталықтары мен керуен жолдары қамтылған.
Жоба барысында ашылып, ғылым әдебиетіне енгізілген маңызды жаңалықтардың бірі – неміс тектес картограф Антон Вид 1542 жылы әзірлеген және қазіргі таңда Германиядағы Герцог Август кітапханасында сақтаулы тұрған «Moscouia Quae & Alba Russia» атты картасы.
«Қазақ хандығы» атауы (Kosaky Orda) еуропалық карталарда алғаш рет осы картада көрсетілген. «Қазақ хандығы» термині кейінгі кезеңдерде Себастьян Мюнстер, Энтони Дженкинсон және басқа да еуропалық картографтардың еңбектерінде көрініс таба бастады.













