Үндістанның Индаур қаласында ауызсудан 9 адам қаза тапты

Үндістанның Мадхья-Прадеш уәлаятындағы Индаур қаласы елдің ең таза қаласы деп танылған болатын және сегіз жыл қатарынан ұлттық тазалық рейтингінде бірінші орынды иеленіп келген.

By
Үндістанның Индаур қаласында ауысзсудан 9 адам қаза тапты / Reuters

Бір депутат пен денсаулық сақтау органдарының мәліметіне сәйкес, Үндістанның орталығында орналасқан Индаур қаласында ауызсудың ластануына байланысты іш өту індеті тарап, кемінде 9 адам қаза тапты.  200-ден астам адам ауруханаға жеткізілді.

Депутат Кайлаш Виджайваргия Индаурда тоғыз адамның көз жұмғанын мәлімдеді.

Индаур қаласының бас дәрігері Мадхав Прасад Хасани «Reuters» агенттігіне телефон арқылы берген сұхбатында, қаланың Бхагиратпур ауданындағы ауызсудың жүйедегі ақау салдарынан ластанғанын, ал жүргізілген су сынамасында құбыр желісінде бактерия бар екені расталғанын айтты.

Хасани: «Қаза тапқандардың нақты санын айта алмаймын, бірақ сол ауданның 200-ден астам тұрғыны қаланың әртүрлі ауруханасында ем қабылдап жатыр. Аймақтан алынған су үлгісіне қатысты қорытындыны күтіп отырмыз»,- деді.

Ал аймақтық әкімшілік басшысы Шраван Верма билік тарапынан дәрігерлер тобы үйлерді аралап тексеру жүргізіп жатқанын, сондай-ақ суды залалсыздандыру үшін хлор таблеткалары таратылғанын хабарлады.

Верма: «Суды ластаған жер анықталып, жөнделді. 8 571 адам тексерілді.  Олардың 338-інде індеттің жеңіл белгілер байқалған», - деді.