Иран басшысы берілмейтінін мәлімдеп, көрші елдерден кешірім сұрады

Уақытша басқарушы кеңес көрші елдерге бағытталған шабуылдарды тоқтату және бұл елдерден соққы жасалмаса, зымыран атпау туралы келісімге келді.

By
Иран басшысы көрші елдерден кешірім сұрады / AP

Иран президенті Месуд Пезешкиан соғыстың екінші аптасына аяқ басқан тұста елінің Израиль мен АҚШ-қа ешқашан берілмейтінін мәлімдеді.

Пезешкиан мемлекеттік телеарнада сөйлеген сөзінде Иранның жаулары Иран халқының шартсыз берілуі туралы үміттерін өздерімен бірге «көрге ала кететінін» (орындалмайтынын) атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Израиль мен Америка Құрама Штаттары 28 ақпанда Иранға шабуыл жасап, рухани көсем Әли Хаменеиді өлтірген болатын, бұл оқиға аймақтық қақтығысқа ұласты. Содан бері Иран Израильге және аймақтағы АҚШ базаларына, әсіресе Шығанақ елдеріндегі нысандарға зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтар арқылы қарымта соққы беріп келеді.

Пезешкиан - Хаменеи қаза тапқаннан бері Иранды басқарып отырған үш мүшеден тұратын уақытша басқарушы кеңестің мүшесі.

Өз сөзінде Пезешкиан Иранның аймақ бойынша жасаған шабуылдары үшін көрші елдерден кешірім сұрап, бұдан былай бұл мемлекеттерден соққы жасалмаса, олардың нысанаға алынбайтынын айтты. Пезешкиан Иран мемлекеті атынан және өз атынан шабуылға ұшыраған көрші елдерден кешірім сұрайтынын білдірді.

Ол уақытша басқарушы кеңестің бір күн бұрын көрші елдерге қарсы жаңа шабуылдар жасамау және бұл елдерден Иранға қарай қауіп төнбесе, зымыран ұшырмау туралы ортақ шешімге келгенін хабарлады.