«CENTCOM»: «АҚШ-тың Иранға қарсы соғысқа дайындығы өте жоғары»

АҚШ Орталық қолбасшылығы 50 мыңнан астам әскер, 200 соғыс ұшағы және екі ұшақ таситын кеме шабуылдарға қатысқанын, сондай-ақ Иран аумағында шамамен 2 мың нысанға соққы жасалғанын мәлімдеді.

By
«CENTCOM»: «АҚШ-тың Иранға қарсы соғысқа дайындығы өте жоғары» / Reuters

АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) қолбасшысы генерал Брэд Купер сейсенбі күні АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы бірлескен шабуылдарына 50 мыңнан астам әскер, 200 соғыс ұшағы және ұшақ таситын екі кеме қатысқанын айтты.

Бейнеүндеуінде Купер операцияның қазір төртінші күні жүріп жатқанын және оның Таяу Шығыстағы АҚШ-тың ең ірі әскери операциясы екенін атап өтті.

Оның айтуынша, шабуыл басталғалы бері АҚШ пен Израиль күштері 2 мыңнан астам оқ-дәрі пайдаланып, Иран аумағындағы шамамен 2 мың нысанаға соққы жасаған.

Купердің мәліметінше, Иран бұған жаппай қарымта шабуылдармен жауап беріп, 500-ден астам баллистикалық зымыран және 2 мыңнан астам ұшқышсыз әуе аппаратын ұшырған.

«Сонымен қатар Иран теңіз күштеріне қарсы операция жүргізіп жатырмыз, бүкіл флотты жойып жатырмыз. Қазірдің өзінде Иранның 17 кемесін жойдық», - деді ол.

Купер қарымта соққыларға қарамастан әскери операция жалғасып жатқан кезде Иранның АҚШ күштері мен оның одақтастарына соққы беру мүмкіндігі әлсірегенін айтты.

АҚШ пен Израильдің сенбі күні Иранға жасаған кең ауқымды шабуылдарынан кейін аймақтағы шиеленіс күрт артты. Бұл шабуыл салдарынан шамамен 800 адам қаза тапты, олардың арасында Иранның рухани жетекшісі Әли Хаменеи мен бірқатар жоғары әскери шенеунік бар.

Иран бұған жауап ретінде Израильге және АҚШ әскери нысандары орналасқан Парсы шығанағы елдеріне Ұшқышсыз әуе аппараттары және зымырандар арқылы шабуыл жасады.

«CENTCOM» операция барысында Кувейттегі тактикалық операциялар орталығына жасалған Иран шабуылы салдарынан алты америкалық әскери қызметкердің қаза тауып, бірнешеуінің жараланғанын хабарлады.