Түркияның Сириядағы рөлі жоғары бағаланды
Ұлыбританияның Түркиядағы елшісі Джилл Морристің айтуынша, Сириядағы жағдайдың өзгеру қарқыны қақтығыстан алшақтау бағытына қарай жүріп жатыр және бұл «өте үміт ұялататын» нышан.
Моррис Түркияның Сириядағы оқиғаларда атқарып отырған рөлін «шын мәнінде өте маңызды» деп атап өтіп, Ұлыбританияның «Түркияның жетекшілік ұстанымына құрметпен қарайтынын» айтты.
Жұма күні Стамбулда өткен Босфор саммитінде сөйлеген елші Сириядағы қақтығыстан алыстау бағытындағы өзгерісті «өте жігерлендіретін» құбылыс деп бағалады.
«Біз Сирия үкіметінің жанама сайлауларды өткізуді де қамтитын саяси өтпелі кезеңге бағытталған қадамдарын құптаймыз», - деді Моррис. Ол ашықтық пен инклюзивтілік Сирия халқының сенімін арттыру үшін үлкен маңызға ие екенін ерекше атап өтті.
Моррис сөзін былай жалғастырды: «Ұлыбритания мен Түркия — өсіп келе жатқан жаһандық қақтығыс пен поляризация жағдайында Еуропа құрлығының екі шетінде орналасқан сенімді НАТО одақтастары. Біз ортақ сын-қатерлерге қарсы күресте ынтымақтастығымызды тереңдетіп келеміз».
Газа үшін “үміт сәті”
Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысқа да тоқталған Моррис әлемнің “адам ақылына қонбайтын” адамзаттық азаптарға әкелген жойқын қақтығыстың куәсі болғанын» айтты.
«Алайда АҚШ президенті Дональд Трамптың көшбасшылығы және Мысыр мен Қатардың Газа бейбіт келісіміне қол жеткізудегі баға жетпес рөлі арқасында біз қазір үміт ұялататын сәтке куә болып отырмыз», - деді ол.
Морристің айтуынша, атысты тоқтатудың алғашқы кезеңі палестиналықтарға «қақтығыстан алшақ, жақсы болашақ құруға бастау жасауға мүмкіндік береді».
Ол: «Сондықтан бұл мүмкіндікті пайдаланып, өтпелі кезеңдегі қауіпсіздік шараларын жетілдіру және реформалар бағдарламасын қолдау арқылы іске асыруымыз керек», — деді.
Елші сондай-ақ Ұлыбританияның Газаға гуманитарлық көмек көрсету, азаматтық-әскери үйлестіру орталығына мамандар жіберу және халықаралық қауымдастық пен жеке сектормен бірлесіп қаланы қалпына келтіруге инвестициялық науқан бастау арқылы қолдау көрсетуге ниетті екенін айтты.