САЯСАТ
2 ... минут оқылды
Иран: «АҚШ-тың соғысты тоқтату ұсынысына араағайын елдер арқылы жауап беріледі»
Тегеран соғысты тоқтатуға қатысты өз шарттарын ұсынды.
Иран: «АҚШ-тың соғысты тоқтату ұсынысына араағайын елдер арқылы жауап беріледі»
Иран: «АҚШ-тың соғысты тоқтату ұсынысына араағайын елдер арқылы жауап беріледі» / Reuters

Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бекаи аймақтағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған АҚШ ұсыныстарына Иранның жауабы дипломатиялық араағайын елдер арқылы жеткізілетінін растады. Сондай-ақ ол Ормуз бұғазындағы кемелердің қауіпсіздігі үшін дәліз құру мәселесінде Оманмен жүргізілген келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеу бар екенін мәлімдеді.

Бекаи Тегеранның барлық бағыттағы әскери операцияларын тоқтату және Парсы шығанағындағы теңіз қауіпсіздігін қалпына келтіру жөнінде өз ұстанымы мен шарттарын ұсынғанын айтты.

Тегеран мен Вашингтон арасындағы жанама байланыс араағайын елдер арқылы жалғасып жатқанын растаған Бекаи: «Қарсы тараптың ұсыныстарына араағайын елдер арқылы жауап жеткізіледі», – деді.

Бұл мәлімдеме АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Афинада жасаған мәлімдемесінен кейін жарияланды. Рубио Иранның келіспеушіліктерді шешуде көптеген мүмкіндікті жіберіп алғанын алға тартып, Тегеранның стратегиялық маңызы бар теңіз жолына бақылау жүргізу мүмкіндігінен айырылғанын мәлімдеді.

Бекаи Рубионың бұл сөздерін жоққа шығарып, Вашингтонның 2018 жылы 2015 жылғы ядролық келісімнен шыққанын және дипломатиялық келіссөздер жүріп жатқан кезде де әскери шабуылдарын жалғастырғанын атап өтті.

 «Тарихи шындықты бұрмалау арқылы АҚШ-тың өз міндеттемелерін бірнеше рет бұзғанын қоғам жадынан өшіру мүмкін емес», – деді өкіл.

Ормуз бұғазында кеме қатынасы

Исмаил Бекаи коммерциялық кеме қатынасына қатысты Тегеран мен Маскат арасындағы екіжақты келіссөздер нәтижесінде Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз кіріп-шығуына арналған теңіз бағыттарының нақты географиялық координаттары жөнінде келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді.

Келісілген теңіз қатынасы тәртібі жақын арада халықаралық теңіз ұйымдарына ұсынылады.

Бұл дипломатиялық қадам АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы сегізінші айға аяқ басқан тұста басылып отыр.

Иран президенті Масуд Пезешкиан бұған дейін Вашингтонды «дипломатиялық келіссөздер жүріп жатқан кезде шабуыл жасады» деп сынға алған болатын. Ал Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи әділ келіссөздер арқылы әлі де бейбітшілікке қол жеткізуге болатынын атап өтті.

Бұған дейін Иран Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында ұсынған бастамасында барлық майданда толық атысты тоқтату, АҚШ-тың теңіз блокадасын және мұнайға қатысты санкцияларын алып тастау, сондай-ақ бұғатталған активтерге қол жеткізу шарттары орындалған жағдайда Ормуз бұғазын қайта ашуды және жеті күн ішінде ядролық келіссөздерді бастауды ұсынған еді.