Иран америкалық әскерлерді тұтқындағанын мәлімдеді
АҚШ Орталық қолбасшылығы Иранның америкалық әскерлерді ұстағаны туралы хабардың"жалған екенін" мәлімдеді.
Иранның қауіпсіздік саласындағы жоғары лауазымды тұлғаларының бірі Әли Лариджани америкалық сарбаздардың қолға түскенін мәлімдеп, Вашингтонды бұл оқиғаны жасыруға тырысып жатыр деп айыптады.
Лариджани сенбі күні “X” платформасында жасаған мәлімдемесінде «Маған бірнеше америкалық сарбаздың тұтқынға алынғаны туралы хабарланды. Алайда америкалықтар оларды қақтығыс кезінде қаза тапты деп мәлімдеп отыр», — деді. Ол сөзін «Олардың бос әурешілігіне қарамастан, шындықты ұзақ уақыт жасыру мүмкін емес», — деп толықтырды.
АҚШ армиясы бұл мәлімдемені дереу теріске шығарып, ешбір америкалық сарбаздың тұтқынға алынбағанын жариялады.
АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) өкілі “Al Jazeera” арнасына берген сұхбатында Иранның бұл уәждері шындыққа жанаспайтынын айтты. Өкіл «Иран режимінің америкалық сарбаздарды тұтқынға алдық деген мәлімдемесі — режимнің өтірігі мен алдау әрекеттерінің кезекті бір мысалы», — деп мәлімдеді.