Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (WMO) бейсенбі күні Эль-Ниньо құбылысының әсерінен Тынық мұхиты бетінің температурасы рекордтық деңгейге жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл әлем бойынша аптап ыстық, құрғақшылық пен су тасқыны қаупін арттырады.
БҰҰ-ға қарасты ұйымның жаһандық маусымдық климат туралы соңғы есебіне сәйкес, Эль-Ниньо құбылысының 2027 жылдың ақпанына дейін жалғасу ықтималдығы 100 пайызға жуық. Ал оның шарықтау шегі желтоқсан айына тұспа-тұс келеді деп күтілуде.
Ұйымның бас хатшысы Селесте Сауло Эль-Ниньо құбылысының қарқынды күшейіп келе жатқанын айтып, оның 1950 жылдан бергі ең күшті құбылыстардың біріне айналуы мүмкін екенін ескертті.
Болжам бойынша, қазан-желтоқсан айларында Тынық мұхитының орталық және шығыс экваторлық аймақтарында теңіз бетінің температурасы қалыпты деңгейден орта есеппен 3,7°C жоғары болады. Ұйым бұл көрсеткіш метеорологиялық бақылаулар тарихындағы ең жоғары деңгей болатынын атап өтті.
Бұған дейінгі рекорд 2015 жылдың қарашасы мен 2016 жылдың қаңтары аралығында тіркелген. Ол кезде теңіз бетінің температурасы қалыпты деңгейден 2,6°C жоғарылаған.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметінше, Эль-Ниньо әлемнің көптеген аймағында ауа температурасының әдеттегіден жоғары болуына және жауын-шашынның таралу сипатының айтарлықтай өзгеруіне әсер етеді.
Атап айтқанда, Африка мүйізінің басым бөлігінде, Орталық және Шығыс Азияның кейбір аймақтарында, Арабия түбегінің солтүстігінде, Солтүстік Американың жекелеген бөліктерінде және Оңтүстік Американың оңтүстік-шығысында жауын-шашын мөлшері әдеттегіден көп болады деп болжануда.


















