Ауғанстанның шығысындағы Кунар уәлаятында болған жойқын жер сілкінісіне байланысты Түркия зардап шеккен халыққа қолдау көрсету үшін гуманитарлық көмек жөнелтті. Құтқару және көмек жұмыстары мыңдаған адам баспанасыз қалған аймақта апаттан кейін үш күн бойы жалғасуда.
Түркия Қорғаныс министрлігі сәрсенбі күні “X” әлеуметтік желісінде: "Ауғанстанның Кунар уәлаятында болған жер сілкінісі салдарынан AFAD пен Қызыл Ай дайындаған гуманитарлық көмек материалдарын жеткізу үшін Әуе күштерімізге тиесілі А400M ұшағы Кайсери/Еркилет әуежайынан ұшып шықты," – деп хабарлады.
Кунар уәлаятында жұмыс істейтін Талибан өкілі “Анадолы” агенттігіне аты-жөнін жарияламау шартымен берген сұхбатында уақытша билік халықты қауіпсіз аймақтарға көшіруді жоспарлап отырғанын, алайда кейбір көмек материалдарының өткен түні шалғай елді мекендерге жете бастағанын айтты. Ол "Жергілікті тұрғындар жақындарының денелері әлі де үйінді астында болғандықтан аймақты тастап кетуден бас тартты. Осы себепті біз шатырлар мен басқа да негізгі қажеттіліктерді тарата бастадық," – деді.
Кунар уәлаяты жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен аймақ болды. Соңғы мәлімет бойынша кемінде 1 411 адам қаза тауып, 3 124 адам жараланған, 5 412 үй қираған.
Жер бедерінің таулы болуы және жолдардың бүлінуі көмекті жеткізуді қиындатқанына қарамастан құтқару және көмек топтары барлық зардап шеккен аудандарға жеткені хабарланды.
Уәлаяттағы ресми өкіл: "Қолжетімді жерлерге көмек материалдарын көлікпен жіберіп жатырмыз. Бірақ жер сілкінісі салдарынан жету мүмкін болмаған аймақтарға тікұшақтар арқылы материалдар жеткізіліп, жаралылар ауруханаларға эвакуациялануда," – деді. Ауған билігі бұл жағдайды «өте күрделі» деп сипаттады.
Құрбандар саны артуы мүмкін
Кунар уәлаяты тұрғыны Абдул Уахид дүмпулердің әлі де жалғасып жатқанын және халық арасында үрей туғызғанын айтты.
Сейсенбі күні Ауғанстанның солтүстік-шығысында 5,2 балдық жаңа жер сілкінісі тіркелген болатын. Апат Пәкістанның солтүстік-батысында да сезілді.
Гуманитарлық ұйымдар қираудың көлемі әлдеқайда ауыр дағдарысқа айналмауы үшін шұғыл халықаралық көмек қажет екенін мәлімдеді.
БҰҰ-ның Ауғанстандағы гуманитарлық көмек жөніндегі үйлестірушісі Индрика Ратватте сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде «Статистикалық мәліметтерге, қашықтық және өте күрделі географияға қарағанда зардап шеккен адамдардың саны жүз мыңдарға жетуі мүмкін», – деді.
Билік өкілдері Нангархар, Лагман және Пенджшер уәлаяттарынандағы деректер жарияланғаннан кейін өлім санының артуы ықтимал екенін ескертті.
АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісі жексенбі күні түнгі сағат 23:47-де (GMT бойынша 19:17) Джелалабад қаласының 27 шақырым шығыс-солтүстік-шығысында 8 шақырым тереңдікте болған.
Бұл апат — 2021 жылы Талибан билікке оралғаннан бері соғыс қақтығыстарымен әлсіреген елдегі үшінші ірі жер сілкінісі.















