Йеменнің Таиз уәлаятының батысындағы Вазийя ауданында соңғы 24 сағатта болған қақтығыстар мен әуе шабуылдары салдарынан 30 хоусит қаза тауып, шамамен 60-ы жараланды.
Йемен күштеріне қарасты Таиз майданының баспасөз орталығы таратқан жазбаша мәлімдемеде Вазийяда Иран қолдайтын хоуситтермен болған қақтығыстар кезінде оларға тиесілі 6 әскери көлік пен 2 танктің жойылғаны айтылды.
Мәлімдемеде үкімет күштерінің әскери ұшақтары бөлімшелерге қолдау көрсету мақсатында хоуситтердің әскери көліктері мен шоғырланған орындарына соққы жасағаны жеткізілді.
Қақтығыстар мен әуе шабуылдарының салдарынан 30 хоуситтің қаза тауып, шамамен 60 адамның жараланғаны хабарланды.
Соңғы уақытта Йемен күштері әсіресе Таизде және елдің басқа да өңірлерінде хоуситтердің бекіністеріне бағытталған шабуылдарын күшейтті.
Йемендегі қақтығыстар
Йеменде шілде айынан бері қайта күшейген қақтығыстар елдегі бақылау аймақтарының картасын айтарлықтай өзгертті.
Хоуситтер Ходейда уәлаятын толық бақылауына алғаннан кейін Таиздің батысына қарай ілгерілеп, Қызыл теңіз жағалауындағы Моха сияқты қалаларды және Баб әл-Мандеб бұғазына шығатын бағыттарды да басып алды.
Хоуситтердің Таизге қарасты Қызыл теңіз жағалауындағы Моха қаласынан кейін Баб әл-Мандеб бұғазы маңындағы Ханиш аралдары, Мейюн аралы және Зубаб елді мекенін де бақылауына алуы қақтығыс аймағындағы жағдайды едәуір өзгертті.
























