Ердоған Сирияда Асад режимі қиратқан үйлердің қайта салынатынын мәлімдеді
Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған Сириядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың жақсаруы бүкіл аймаққа оң әсерін тигізетінін айтты.
Президент Режеп Тайып Ердоған Сириядағы бұрынғы режим тұсындағы көпжылдық қақтығыстар кезінде қираған елді мекендерге тоқталып, елде ауқымды құрылыс пен қайта түлету науқаны басталатынын жариялады.
Ердоған Сирияның барлық аймағында, әсіресе бұрынғы режимнің бомбаларымен үйіндіге айналдырған жерлерінде үлкен құрылыс жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Сирия тұрақтылық пен сенімге ие болған сайын мұның оң әсерін ең алдымен Түркия, содан кейін барлық көршілес елдер тікелей сезінетінін білдірді.
Сонымен қатар Ердоған Асад билігі кезінде көптеген күрт азаматтары азаматтықтан айырылған Сирияда жаңа әкімшіліктің күрттердің негізгі құқықтарын қамтамасыз ету туралы соңғы шешімін құптайтынын жеткізді.
Мәңгілік бауырластық
Елде бірлікке шақырған президент Ердоған сириялықтарды этникалық алауыздықты қоздыру әрекеттерінен сақтандырды, сондай-ақ күрт қауымдастығын сыртқы күштердің ойынына алданбауға шақырды.
«Күрт бауырларымнан, азаматтарымнан өтінерім, біздің ежелгі әрі мәңгілік бауырластығымызға соққы беруді, арамызға іріткі салуды көздейтін ойындарға берілмеңіздер», — деді ол.
Түркия президенті Сирияның жаңа үкіметімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істей отырып, шекара тысында тұратын және гуманитарлық көмек сұраған күрт қауымдастықтарының өтініштерін орындап жатқанын баса айтты.
Ердоған Сирияның біртұтас мемлекет ретінде қалуы керектігін және параллель қарулы құрылымдардың болуын қабылдамайтынын мәлімдеді. «Мемлекет ішінде мемлекет, бөлек қарулы күш болмайды», — деген президент жалғыз дұрыс жол тараптар арасындағы келісімдерге сәйкес келетін бейбіт шешім екенін атап көрсетті.
Ердоған «Жасалған келісімнің рухына сай мәселені байыппен шешу — жалғыз шығар жол», — деп түйіндеді.