ХОК мәлімдемесіне сәйкес, 2036 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер, комитетпен тұрақты келіссөздер жүргізіп жатқан елдердің қатарында Түркия, Германия, Мажарстан, Үндістан, Катар, Оңтүстік Корея және Оңтүстік Африка Республикасы бар.
31 қазаннан кейін жаңа өтінімдер қабылданбайды. Ал қараша айында үміткер қалалар өз жобаларын ХОК комиссиясына онлайн форматта таныстырады.
Мәлімдемеде ХОК Атқарушы кеңесі 2027 жылдың наурызында үміткерлердің тізімін жариялап, «стратегиялық диалог» кезеңін бастайтыны айтылды. Бұл кезеңде үміткер қалалар құқықтық және қаржылық кепілдіктер ұсынуы тиіс. Ал комиссия өкілдері үміткер аймақтарға барып, олардың дайындық деңгейін тексереді.
Олимпиада ойындары өтетін қала 2029 жылдың ортасында өтетін ХОК отырысында ұйым мүшелерінің дауыс беруі арқылы анықталады.
Үміткерлердің жобалары спорт нысандарының жоспары, спортшыларға жасалатын жағдай, қаржыландыру стратегиясы, саяси және қоғамдық қолдау, жарыстарды ұйымдастыру мүмкіндігі, сондай-ақ Олимпиада ойындарының жергілікті халыққа ұзақ мерзімді пайда әкелуіне бағытталған жоспарлар негізінде бағаланады.


























