Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның жұбайы Емине Ердоған Газадағы балалардың білім алу құқығынан айырылмауы үшін дайындалған ортақ мәлімдемеге қол қойды.
Емине Ердоған 15 қыркүйекте Катар астанасы Дохада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы мен Араб Лигасының Төтенше Ортақ Саммитінде Президент Ердоғанға серік болып, саммит аясында Катар Әмірі Шейх Тамим бен Хамад Әл Санидың анасы Шейха Моза бинт Насырмен кездесті.
Саммиттен кейін Насыр негізін қалаған “Education Above All” (Бәрінен Білім Жоғары) қоры «Қақтығыс аймақтарында өмір сүретін балалардың білімі тұрғысынан аса ауыр жыл» атты ортақ мәлімдеме дайындады.
Газаға жанашыр мемлекет басшыларының жұбайлары, лидерлер және халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдері қол қойған бұл мәлімдеме бүкіл әлемде қақтығыс зардабын тартқан аймақтардағы білім беру саласында күрделене түскен қиындықтарға назар аударып, «Білімді Шабуылдан Қорғаудың Халықаралық Күніне» орай жарияланды.
Мәлімдемеде дағдарыс аймақтарындағы балалар мен білім беру жүйелеріне жасалып жатқан заң бұзушылықтарды тоқтату үшін шұғыл шара қабылдау қажеттілігі айтылды. Қақтығыс аймақтарындағы балалардың білім алу құқығы тұрғысынан тарихтағы ең ауыр жыл болып сипатталған қазіргі жағдайға қарсы ортақ ұстаным білдіру және ең алдымен Газаға қоса басқа да аймақтардағы гуманитарлық апат ауқымын әлемге көрсету көзделді.
Қақтығыс ортасында өмір сүретін балалардың жағдайы алаңдатарлық жылдамдықпен нашарлап бара жатқанын жеткізу үшін жиналған лидерлердің жұбайлары бұл жылы балалардың өлтіріліп, аштыққа ұшырап, жараланып, ең бастысы білім алу құқығына қоса негізгі адам құқықтарынан айырылғанын мәлімдеді.
Балалардың білім алу құқығын нысанаға алған аяусыз шабуылдардың, ең алдымен Газа, сондай-ақ Судан, Украина, Мьянма, Колумбия және әлемнің көптеген жерлерінде жалғасып келе жатқаны атап өтілді. Бұл халықаралық құқық бұзушылықтарының жаңа құбылыс емес, көп жылдар бойы жалғасып келе жатқанына да назар аударылды.
Лидер жұбайлары қол қойған мәлімдемеде: «Бүгін біз де осы геноцидті тоқтату қозғалысына қосылып, білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету және балалардың оқи жүріп сауығуына жәрдемдесу жөніндегі жұмысымызды жалғастыруға уәде береміз» делінген.
Мәлімдемеге Емине Ердоғанмен бірге Катар Білім Қорының төрайымы әрі БҰҰ Тұрақты Даму Мақсаттары бойынша адвокаты Шейха Моза бинт Насыр, Босния және Герцеговина Президенттік Кеңесінің мүшесі Денис Бечировичтің жұбайы Мирела Бечирович, Колумбия Президентінің жұбайы Вероника Алькосер Гарсия, Гамбия Президентінің жұбайы Фатуматта Бах-Барроу, Сьерра-Леоне Президентінің жұбайы Фатима Маада Био, Петра Ұлттық Қорының төрайымы әрі ЮНЕСКО Мәдени Мұра Жақсы Ниет Елшісі ханшайым Дана Фирас, Малайзия Премьер-министрінің жұбайы Ван Азиза Исмаил және Шотландияның бұрынғы аймақтық премьері Хамза Юсуф сынды көптеген тұлға қол қойды.
Емине Ердоғанның әлеуметтік желідегі жазбасы
Мәлімдемеге қатысты өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Емине Ердоған былай деп жазды:
«2009 жылдың 10 қаңтарында ‘Палестинада Бейбітшілік үшін Әйелдер Жиналысы’ аясында Стамбулда лидерлердің жұбайлары ретінде бас қосып, әлемге ‘Газаға Қолдау үшін Стамбул Шақыруын’ жариялаған едік. Бұл шақыру зұлымдарға қарсы бейбіт тілде біріге білген мықты еріктің көрінісі болатын. 2023 жылдың қарашасында Стамбулда өткізілген ‘Палестина үшін Бір Жүрек – Лидерлер Жұбайлары Саммитінде’ де Палестина үшін тағы да біріккен едік. Саммитте бір жүрек болып айтқан бейбітшілік үндеуіміз әлі де зұлымдыққа қарсы сол баяғы табандылықпен жаңғырып тұр. Бүгін барлығынан бұрын білімді жоғары қоятын құрметті досым Шейха Моза бинт Насырдың бастамасымен жарияланған ‘Қақтығыс Аймақтарында Өмір Сүретін Балалардың Білімі Тұрғысынан Ауыр Жыл Ортақ Мәлімдемесімен’ біз сол күнгі сеніммен тағы да үн қосамыз».
Емине Ердоғанның Газа жөніндегі қызметі
Израильдің 2023 жылдың 7 қазанынан бері Газа секторына жасап жатқан шабуылдарында балалар мен әйелдерді қосқанда 65 мыңнан астам адамның қаза табуына бейжай қарамаған Емине Ердоғанның бастамасымен лидерлердің жұбайлары 2023 жылдың 15 қарашасында Стамбулда «Палестина үшін Бір Жүрек» тақырыбында саммит өткізіп, Газа халқы үшін әлемге үндеу жасаған еді.