БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Судандағы шабуылдарды айыптады

Кеңес мүшелері зорлық-зомбылықтың ушығуына байланысты терең алаңдаушылық білдіріп, Жедел қолдау күштерінің гуманитарлық нысандарға және ұшқышсыз әуе аппараттары арқылы жасалған шабуылдарын айыптады.

By
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Судандағы шабуылдарды айыптады / AA

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері сейсенбі күні Суданда жалғасып жатқан зорлық-зомбылыққа, әсіресе Кордофан мен Дарфур өңірлеріндегі жағдайға байланысты терең алаңдаушылық білдіріп, барлық тараптарды қақтығыстарды дереу тоқтатуға шақырды.

Мәлімдемеде ақпан айының басынан бері Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына әсер еткен көптеген шабуыл, соның ішінде бейбіт тұрғындарға, азаматтық инфрақұрылымға, гуманитарлық қызметкерлерге, нысандар мен мүлікке қарсы жасалған ұшқышсыз әуе аппараттарының шабуылдары қатаң айыпталды.

Гуманитарлық қызметкерлерге немесе олардың мүлкіне қарсы қасақана жасалған шабуылдардың әскери қылмыс болып саналуы мүмкін екені ескертіліп, барлық тарап халықаралық құқық аясындағы міндеттемелерін орындауға шақырылды.

Кеңес мүшелері сондай-ақ Кордофандағы жалғасып жатқан шабуылдар мен тұрақсыздандыру әрекеттері үшін әскерилендірілген Жедел қолдау күштерін айыптады. Мәлімдемеде Әл-Фашир қаласындағы негізсіз тұтқындаулар, қақтығысқа байланысты жыныстық зорлық-зомбылық, жүйелі түрде кісі өлтіру, жаппай қоныс аудару және этникалық негізде нысанаға алу фактілері аталды.

«Кеңес мүшелері барлық құқықбұзушылықтар мен заңсыз әрекеттердің кінәлілері жауапкершілікке тартылуы тиіс», – делінген мәлімдемеде. Сондай-ақ барлық тарап бейбіт тұрғындарды қорғауға және халықаралық құқық бойынша өз міндеттемелерін орындауға шақырылды.

Кеңес қақтығыс салдарынан туындаған ашаршылық пен азық-түлік қауіпсіздігінің күрт нашарлауына байланысты алаңдаушылық білдіріп, гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуін және бейбіт тұрғындар үшін қауіпсіз дәліздердің қамтамасыз етілуін талап етті. Сонымен қатар аштықты соғыс құралы ретінде пайдалануға болмайтыны ерекше атап өтілді.

Кеңес атысты тұрақты тоқтатуды және судандықтардың жетекшілігімен жүргізілетін кең ауқымды, инклюзивті саяси үдерісті ілгерілетуді басымдық ретінде белгіледі.

Мәлімдемеде аймақтық актерлердің, БҰҰ мен халықаралық серіктестердің гуманитарлық бітімді жүзеге асыру және азаматтық басқаруға сенімді жолды қолдау бағытындағы үйлестірілген күш-жігері құпталғаны айтылды. Сонымен қатар барлық елді қақтығысты ушықтыруы мүмкін сыртқы операциялардан бас тартуға шақырды.

«Біз Суданның егемендігіне, бірлігіне және аумақтық тұтастығына деген мызғымас ұстанымымызды тағы да қайталаймыз. Кеңес мүшелері Жедел қолдау күштерінің бақылауындағы аймақтарда параллель басқару құрылымын құруға қарсы екендерін қайталады»,  -  делінген мәлімдемеде.