Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Израильдің Газада жасап жатқан қырғынына байланысты соңғы оқиғалар АҚШ-тың Израиль саясатына көпшілік ойлағандай ықпалы жоқ екенін көрсеткенін, тіпті керісінше болуы мүмкін екенін айтты.
Хакан Фидан АҚШ Президенті Дональд Трамппен Газада бейбітшілік орнату мен Сириядағы тұрақтылыққа қатысты жалғасып жатқан келіссөздерге пікір білдірді. «Американың ішкі саясатында ондаған жыл бойы қалыптасқан бір шындық бар. Ол кімнің кімді басқарып отырғаны туралы шындық. Мұны соңғы жағдайлар да көрсетті. АҚШ-тың Израиль саясатына айтарлықтай ықпалы жоқ. Тіпті керісінше болуы мүмкін», – деді.
Израиль Палестинаны басып алғаннан бері аймаққа қауіп төндіріп жатқанын атап өткен Фидан: «Барлық аймақ елдері 1967 жылғы шекараға негізделген екі мемлекет шешімін қолдайды», - деді.
«MBC MASR» телеарнасына берген сұхбатында ол: « Израиль ешқашан екі мемлекет шешімін қаламады. Қауіпсіздікті сылтау етіп, 1967 жылы қабылданған шекарадан тыс Палестина жерін басып алуды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бұл мәселе ондаған жыл бойы Ислам әлемінің ең үлкен мәселесі болды. Соңғы жылдары Израильдің кеңею саясаты мен Палестинадағы зұлымдығы аймақ үшін үлкен қауіпке айналды», – деді.
Доһада өткен Араб – Ислам саммитінің маңызына тоқталған Фидан жиында Израильдің саясатына басымдық берілгенін айтты.
«Газада жалғасып жатқан қырғын мен Батыс Шерияны алуға қарсы күресімізді жалғастырамыз. Сондай-ақ Палестина мемлекетінің құрылуы үшін жұмыс істейміз. Бұл аймақтық бейбітшіліктің басты шарты», – деді министр.
Израиль көрші елдердің әлсіздігін пайдалануда
Министр Хакан Фидан Израильдің саясатын аймақ елдері мен халықаралық қауымдастық басты назарға алып, тиісті шара қолдануы қажет екенін айтты.
«Бұл аса маңызды мәселе. Бұл жағдай Израиль үшін де, аймақтағы мемлекеттер үшін де пайдалы емес. Өкінішке қарай Израиль көршілес елдердің саяси және экономикалық әлсіздігін пайдаланып отыр. Мәселен Ливандағы оккупациясы, Сирияға басып кіруі, Иранға қарсы шабуылдары, Йеменде бейбіт тұрғындарды үнемі нысанаға алуы, инфрақұрылымды жүйелі түрде қиратуы және жуырда Катарға жасаған шабуылы», – деді.
Сондай-ақ ол Израильдің Дохадағы ХАМАС басшылығына қарсы соңғы шабуылы араағайындық жүріп жатқанда көп нәрсені өзгерткенін атап өтті.
Министр халықаралық актерлердің Израильдің Газадағы геноцидіне, Ресей-Украина соғысына және өзге де қақтығыстарға шешім табудағы дәрменсіздігіне назар аударып, қазіргі жүйенің жауап берудің орнына дағдарысты одан әрі ушықтырып отырғанын айтты.
Оның сөзінше, ЕО мен БҰҰ бастаған ұйымдар, одақтар мен құрылымдар жаһандық мәселелерді шешуде әлсіз. «Әсіресе БҰҰ мен Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымы қазір мәселелерді шешуге қауқарсыз. Сондықтан БҰҰ мен БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажет», – деді Фидан. Ол инклюзивті және бірлескен шешім қабылдау жүйесін енгізуге шақырды.
«Егер мұндай өзгерістер жасалмаса, «BRICS», Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассоциациясы сияқты өзге де аймақтық құрылымдардың қазіргі одақтарға балама болатыны сөзсіз»,- деп қосты.
Сонымен қатар Израильдің 2023 жылдың қазан айынан бері Газада жүргізіп жатқан қырғыны туралы мәлімет берілді. Палестиналық деректерге сүйенсек, Газада қаза тапқандардың саны 65 200-ден асқан, олардың басым бөлігі әйелдер мен балалар. «WAFA» ресми агенттігі 11 мыңға жуық адамның әлі де үйінді астында болуы мүмкін екенін хабарлады. Ал сарапшылар қаза тапқандардың нақты саны Газа билігінің ресми көрсеткіштерінен әлдеқайда жоғары екенін атап өтті. Қаза тапқандардың саны шамамен 200 мыңға жеткен.