Ресей Польшаның әуе кеңістігін бірнеше рет бұзды

Премьер-министр Дональд Туск Польшa армиясының Ресейге тиесілі нысандарға қарсы қару қолданғанын мәлімдеді. Билік өкілдері қауіп төнген аймақтардағы тұрғындарды құлатылған әуе аппараттарын іздеу жұмыстары жүріп жатқан кезде үйлерінен шықпауға шақырды

Туск Президент Кароль Навроцки және Қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камишпен үздіксіз байланыста екенін айтты. / AP

Польша Ресейдің Украинаға шабуылы кезінде ұшқышсыз әуе аппаратары тарапынан өз әуе кеңістігінің бірнеше рет бұзылғанын, кейін қауіпті анықтап, залалсыздандыру үшін әскери операциялар бастағанын хабарлады.

Польша Қарулы күштерінің Операциялар қолбасшылығы сәрсенбі күні «X» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында: «Бүгін Ресей Федерациясының Украина аумағындағы нысандарға жасаған шабуылдары кезінде әуе кеңістігіміз ұшқышсыз ұшақ тәрізді нысандар тарапынан бірнеше мәрте бұзылды», – деп мәлімдеді.

Мәлімдемеде Польша Қарулы күштерінің әуе кеңістігіне кірген бұл нысандарға қарсы қару қолданғаны және атып түсірілген құралдарды табу үшін арнайы операция жүргізіліп жатқаны айтылды.

Билік өкілдері әскери операциялар жалғасып жатқан Подляске, Мазовецке және Любельски аймақтарындағы тұрғындарға үйлерінен шықпау туралы үндеу жасады. Үндеуде: «Әскери операциялар жалғасуда және халқымыздан үйлерінен шықпауын өтінеміз», – делінді.

Польша Премьер-министрі Дональд Туск операцияның жүріп жатқанын және әскердің бұл нысандарға қарсы қару қолданғанын растады. Ол сондай-ақ Президент Кароль Навроцкий және Қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камышпен тұрақты байланыста екенін айтты.

Польша Қорғаныс министрінің орынбасары Цезары Томчик Навроцкий мен Тусктың жағдайдан хабардар екенін жеткізіп, халықтан Польша армиясы мен полициясының ресми хабарламаларын қадағалауды сұрады.

Әуежайлар жабылды

Польша қауіпсіздік жағдайына байланысты Варшава халықаралық әуежайын, Модлин, Люблин және Жешув-Ясьонка қоса алғанда ірі әуежайларын жапты.

Әуе қозғалысы туралы хабарлама әскери операциялар жүріп жатқан кезде бұл әуежайлардың қызметі тоқтатылғанын растады.

«CNN» тілшісі Кайтлан Коллинстің сейсенбі күні жасаған мәлімдемесіне қарағанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Польша аумағында байқалған орыс ұшқышсыз әуе аппараттары туралы мәлімет алған.

АҚШ сенаторы Дик Дурбин бұған дейін: «Ресейдің ұшқышсыз әуе аппараттарының НАТО әуе кеңістігін бірнеше рет бұзуы – (президент) Владимир Путиннің Польша мен Балтық елдерін қорғауға деген табандылығымызды сынап отырғанының айқын дәлелі», – деген болатын.

Премьер-министр Дональд Туск жұма күні жасаған мәлімдемесінде әуе кеңістігіне жасалған құқық бұзушылықтарға қарсы «қатаң» әрекет ететіндерін айтып, Польшаның мұндай арандатушылықтарға өте қатаң жауап қайтаратынын ескерткен болатын.