Ресейдің Адам денсаулығы мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау қызметі тараған мәліметтерді жоққа шығарды. Ал АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі жағдайды жіті бақылап отырғандарын айтып, «Ресей билігін нақты ақпаратты қоғаммен жедел әрі ашық бөлісуге шақырамыз», – деп мәлімдеді.
Ресейдің Сібір аймағындағы Иркутск Обаға қарсы күрес институтында зертхана технигі болып жұмыс істеген әйелдің 2 қазанға қараған түні күдікті инфекция салдарынан қайтыс болуы зертханадағы ықтимал оқиға мен індеттің таралуына қатысты алаңдаушылық туғызды.
Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, институттың 28 жастағы қызметкері Дарья Шипиловаға шығу тегі белгісіз пневмония диагнозы қойылған. Зертхана қызметкері оба ауруын тудыратын “Yersinia pestis” бактериясы бар сынған сынауықпен байланыста болған деген болжам айтылды. Ал кейбір БАҚ жас зертхана технигінің іссапардан оралғаннан кейін ауырып қалғанын хабарлады. Сақтық шарасы ретінде 200-ге жуық адамның медициналық бақылауға алынғаны айтылды.
Кәсіби қызметімен байланысы анықталмады
Ресейдің Адам денсаулығы мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау қызметі Шипилованың шығу тегі белгісіз пневмониядан қайтыс болғанын растады. Алайда институтта жұқпалы микроорганизмдермен жұмыс істеу кезінде ешқандай оқыс жағдай болмағаны және соңғы 10 күнде институт қызметкерлерінің арасында жұқпалы ауру белгілерімен медициналық мекемелерге жүгінгендер тіркелмегені атап өтілді.
Сонымен қатар Шипиловадан алынған үлгілерге жан-жақты зерттеу жүргізілгені, алайда оның өліміне себеп болған аурудың қызметкердің кәсіби қызметіне байланысты қандай да бір микроорганизмнен туындағанын көрсететін белгі анықталмағаны хабарланды. Иркутск облысындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың «тұрақты» екені айтылды.
Қоғамға тараған мәліметтерге АҚШ әкімшілігі де назар аударды. АҚШ БАҚ-ына сұқбат берген Мемлекеттік департамент өкілі: «Ресейдің Иркутск облысында адам өліміне әкелген өкпе обасының күдікті жағдайы туралы мәліметтен хабардармыз. Ауруларды бақылау және алдын алу орталығымен (CDC) және басқа да мекемелермен бірлесіп, жағдайды жіті бақылап отырмыз», – деп мәлімдеді.
Оба – “Yersinia pestis” бактериясы тудыратын жұқпалы ауру. Обаның ең қауіпті әрі сирек кездесетін түрі саналатын және ауыр пневмонияға әкелетін өкпе обасы емделмеген жағдайда бірнеше күн ішінде адам өліміне әкелуі мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адамдар ауруды бүрге шағуы, жұқтырған адаммен немесе жануармен байланыс және тыныс алу жолдары арқылы жұқтыруы мүмкін.






















