Израиль Әли Лариджанидің өлтірілгенін мәлімдеді

Израильдің Қорғаныс министрі Исраэль Кац түнгі әуе шабуылдары кезінде Әли Лариджани мен «Басидж» күштерінің қолбасшысы Гулам Рыза Сүлеймани өлтірілгенін мәлімдеді.

By
Израиль Әли Ларижанидің өлтірілгенін мәлімдеді / Reuters

Сейсенбі күні Кац Иранның жоғары лауазымды қауіпсіздік өкілі Әли Лариджанидің әуе соққысы кезінде қаза тапқанын алға тартты. Министрлік таратқан мәлімдемеде ол Лариджани мен «Басидж» күштерінің басшысы Сүлейманидің түнгі шабуылдар барысында өлтірілгенін айтқан.

Кац: «Бас штаб басшысынан Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы  Лариджани мен Иранның негізгі қысым тетігі саналатын «Басидж» ұйымының жетекшісі Сүлейманидің кеше түнде өлтірілгені туралы ақпарат алдым», - деді.

Бұған дейін Израиль медиасы Лариджанидің Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы ретінде түнгі шабуылдардың нысанасы болғанын хабарлаған болатын.

Ларижанидің «X» желісіндегі соңғы жазбасы 17 наурыз, сейсенбі күні жергілікті уақыт 09:40-та жарияланған. Онда ол Иран Әскери-теңіз күштерінде қаза тапқандарды еске алған.

Лариджани бұрын ядролық келіссөз жүргізуші болған және Хаменейдің жақын одақтасы ретінде жұма күні Тегеранда өткен іс-шараларға қатысқан.

Сол күні АҚШ Иранның Революциялық гвардиясымен байланысы бар 10 адам туралы ақпарат бергендерге 10 миллион долларға дейін сыйақы ұсынды. Олардың арасында Лариджани де бар.