Министрліктің жазбаша мәлімдемесінде Израильдің аймақтағы экспансиялық саясатының шиеленісті күшейтіп отырғаны атап өтілді. Сондай-ақ халықаралық қауымдастықты нақты әрекет етуге шақырды.
Мәлімдемеде Израильдің аталған желідегі жұмыстары 1974 жылғы Күштерді ажырату туралы келісімнің талаптарына нұқсан келтіріп отырғаны айтылып, «Израильдің Сирияның Кунейтра уәлаятындағы «Суфа 53 желісі» деп аталатын аумақта жұмыстарын қайта бастап, 1974 жылғы Күштерді ажырату туралы келісімге нұқсан келтіруін және Сирияда жаңа біржақты жағдай қалыптастыруға бағытталған әрекеттерін қатаң айыптаймыз. Израильдің аймақтағы шиеленісті күшейтіп отырған экспансиялық саясатын тоқтатуы және басып алған Сирия аумақтарынан шығуы үшін халықаралық қауымдастықты нақты қадам басуға шақырамыз. Түркия Сирияның егемендігіне, саяси бірлігі мен аумақтық тұтастығына қолдауын табанды түрде жалғастырады және осы бағытта аймақ елдерімен бірлесіп қажетті шараларды қабылдауды жалғастырады», - делінген.






















