Ресей Украинаның Покровск қаласын басып алғанын хабарлады
Ресей Украинаның стратегиялық маңызды Покровск қаласын басып алғанын мәлімдеді
Путин Покровскінің алынуын Ресей армиясының шабуыл мақсаттарын ілгерілететін шешуші оқиға деп атады.
Ресей Украинаның шығысындағы Покровск пен солтүстік-шығыстағы Вовчанск қалаларын басып алғанын хабарлады. Кремль дүйсенбі күні “Telegram” арқылы жариялаған бұл майдан жаңалықтары соғысты аяқтауға бағытталған АҚШ жетекшілігіндегі келіссөздерде Вашингтонның қолдауын алуға тырысқан Киевке қысымды күшейтті.
Ресей ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Владимир Путин Украинадағы шабуыл операциясында аса маңызды рөл атқаратын Покровск қаласының алынуы армияға операциялық мақсаттарын алға жылжытуға мүмкіндік беретінін айтты.
Ресей басшысы Украина армиясының Ресей күштерінің ілгерілеуіне тікелей жауап бере алмай отырғанын алға тартып, әсіресе оңтүстіктегі Запорожье аймағындағы жетістіктерді ерекше атап өтті.
Путин ауыр шығынға ұшыраған Украина бөлімшелерінің жағдайын «украин халқының трагедиясы» деп сипаттады.
«Маңызды қадам»
Соғысқа дейін шамамен 60 мың тұрғыны болған Донецк облысындағы жол және теміржол торабы саналатын Покровск соңғы айларда Ресейдің қарқынды шабуылдарының нысанасына айналған еді.
Украина өткен айда қалаға арнайы жасақтарды қоса отырып қосымша күш жіберген, алайда жүздеген ресейлік сарбаздың қалаға енуіне тосқауыл бола алмаған.
Харьков облысындағы Вовчанск те 2024 жылдың мамырынан бері жалғасып келе жатқан ауыр қақтығыстар салдарынан айтарлықтай қираған.
Ресей Қорғаныс министрі Андрей Белоусов Вовчанскінің алынуын «жеңіске апарар маңызды қадам» деп сипаттаған болатын.