Иран Атом энергетикасы ұйымының басшысы Мәскеуде келіссөз жүргізді
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бұған дейін Еуропаның ядролық келісімді бұзу жөніндегі айыптауларынан кейін 30 күндік үдеріс бастаған болатын. Осы үдерістің нәтижесінде Тегеранға қарсы санкцияларды алып тастамау туралы шешім қабылданды.
Ресейдің ресми ақпарат агенттігі РИА-ның Иран елшілігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Иран Атом энергетикасы ұйымының басшысы Мұхаммед Ислами келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге барған.
Үш еуропалық ел Иранның 2015 жылғы ядролық келісімге бағынбағанын алға тартып, санкцияларды қайта енгізу үшін 30 күндік үдерісті бастаған. Осыған байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мүшесі өткен айда Тегеранға салынған санкцияларды алып тастамау туралы шешім қабылдады.
Иран ядролық қару жасауды көздемейтінін мәлімдесе, Ресей Тегеранның бейбіт атом энергиясына құқығын қолдайтынын айтады.
РИА-ның хабарлауынша, Иран вице-президенті қызметін де атқаратын Исламидің Мәскеуде кіммен кездесетіні туралы нақты ақпарат берілмеген.
Иран МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтатады
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Тегеранға салынған санкцияларды түбегейлі алып тастаудан бас тартуынан кейін сенбі күні Иран Жоғарғы Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) ынтымақтастықты тоқтататынын мәлімдеді.
Иран мемлекеттік “Press TV” арнасында жарияланған хабарламада Иранның жоғары лауазымды қауіпсіздік өкілдері Ұлыбритания, Франция және Германияның (E3) ядролық бағдарламаға қатысты «ойланбай жасалған» қадамдарын айыптады. Мәлімдемеде Иранның ядролық бағдарламасы бейбіт сипатқа ие екені баса айтылды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі жұма күні 2015 жылғы ядролық келісім (Жан-жақты ортақ іс-қимыл жоспары) аясында тоқтатылған Иранға қарсы санкциялардың қайта күшіне енуін болдырмауға бағытталған қарар жобасын қабылдай алмады.
Осы айдағы кеңес төрағасы ретінде Оңтүстік Корея ұсынған жоба бұрынғы БҰҰ санкцияларының ережелері «қолданылуын тоқтатты деп есептелетінін» белгілеп, Иранға салынған санкцияларды алып тастауды көздеген болатын.
Алайда Ресей, Қытай, Пәкістан және Алжир оң дауыс бергенімен, қажетті тоғыз дауыс жиналмады. Гайана мен Оңтүстік Корея қалыс қалды, ал Ұлыбритания, Франция, Дания, Словения, Сьерра-Леоне, Панама, АҚШ, Грекия және Сомали жобаға қарсы дауыс берді.
E3 деп аталатын Ұлыбритания, Франция және Германия 2015 жылғы ядролық келісімге қол қойған мемлекеттер қатарында болған.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдаған келісімге сәйкес, Иран уранды байыту қызметін шектеуге және халықаралық инспекторлардың ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсаттарға бағытталғанын тексеруіне рұқсат беруге міндеттелген.
E3 елдері 28 тамызда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2231-ші қарарына сәйкес, Иран міндеттемелерін орындамаған жағдайда санкцияларды 30 күн ішінде қайта енгізуді көздейтін «snapback» тетігін іске қосты.