Жаңа зерттеуге сәйкес, әр бес жасөспірімнің бірі мен жас ересектің бірі өзін мұңды, ашулы, мазасыз немесе күйзеліске түскендей сезінген кезде, жасанды интеллект чат-боттарынан қолдау алады. Сарапшылар жасанды интеллекттің дағдарыс жағдайларын басқару үшін жасалмағанын айтып, бұл жағдайға алаңдаушылық білдіруде.
“RAND” зерттеу ұйымы жүргізген және нәтижелері “JAMA Pediatrics” журналында жарияланған зерттеу жасанды интеллектті пайдаланудың жастар арасында белең алғанын көрсетті.
2025 жылдың басында жүргізілген ұқсас сауалнамада жастардың 13 пайызы психологиялық кеңес алу үшін чат-боттарға жүгінетінін айтса, қараша айында өткізілген соңғы сауалнамада бұл көрсеткіш 19 пайызға дейін өскен.
“RAND” ұйымының аға саясат зерттеушісі әрі зерттеудің жетекші авторы Райан Макбейн:
«Бұл – алаңдатарлық көрініс. Жастардың айналасындағы адамдармен еркін сөйлесе алатын, өздерін қауіпсіз сезінетін қолдаушы қарым-қатынастарға ие болғанын қалайсыз», – деп мәлімдеді.
Жасы 12 мен 21 аралығындағы қатысушылар арасында жүргізілген зерттеу жастардың басым көпшілігі чат-боттардан алған кеңестерді пайдалы деп санайтынын көрсетті. Қатысушылардың шамамен 63 пайызы терапиялық мақсатта жасанды интеллект пайдаланатынын ешкімге айтпағанын жеткізді.
Сарапшылардың пікірінше, лицензияланған психикалық денсаулық мамандарының жетіспеушілігі немесе мұндай қызметтерге қолжетімділіктің қиындығы жастарды жасанды интеллектті балама ретінде қарастыруға итермелеуде. Алайда “ChatGPT” әзірлеушісі “OpenAI” ұсынған деректерге сәйкес, апта сайын шамамен 1,2 миллион пайдаланушы суицидтік ойларды меңзейтін хабарламалар жазады.
«Жасанды интеллект психозы»
Психикалық денсаулық саласының мамандары чат-боттардың пайдаланушыны шамадан тыс қолдайтын және растауға бейім етіп жасалғанына назар аударып, мұндай жағдай сезімтал адамдарда сандырақтарды қоздыруы немесе күшейтуі мүмкін екенін ескертеді. Сарапшылар бұл құбылысты «жасанды интеллект психозы» деп атайды.
Калифорния университетінің (Беркли) Кавли атындағы Этика, ғылым және қоғам орталығының директоры, психиатр Джоди Халперн ерте жасөспірімдік кезеңнен жиырма жастың басына дейінгі уақыт адамдардың өзгелермен ең тығыз байланыс орнататын кезең екенін айтты. Халперн:
«Мен чат-боттардың өзін адам сияқты көрсетіп, сізді бағалайтынын немесе сезімдері бар екенін мәлімдегенін ешқашан қаламас едім. Олар қарым-қатынастың адами қырларын қайталамауы керек», – деп, параәлеуметтік қатынастардың қаупіне назар аударды.
Сонымен қатар жасанды интеллект компаниялары қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықтардың күшеюіне байланысты түрлі сот істерімен бетпе-бет келуде. Калифорниядағы бір ерлі-зайыпты “ChatGPT” олардың ұлының суицидіне түрткі болды деп сотқа жүгінсе, Флорида штатының Бас прокуроры Джеймс Утмайер “OpenAI” мен Сэм Альтманға қарсы платформаның тәуелділікке, когнитивтік құлдырауға және суицид қаупіне әкелуі мүмкін деген негізде талап-арыз бергенін хабарлады.
“OpenAI” өкілі дағдарыс жағдайларын анықтау жүйелері мен ата-аналық бақылау құралдары сияқты қорғаныс тетіктерін әзірлегенін хабарлады. Ал тағы бір танымал платформа “Character.AI” қаңтар айында ұқсас негіз бойынша қозғалған сот істерінде келісімге келгенін және 18 жасқа толмаған пайдаланушылардың жасанды интеллект кейіпкерлерімен сөйлесуіне тыйым салғанын хабарлады.
Штаттар құқықтық реттеу шараларын қолға алды
Жасанды интеллекттің психикалық денсаулық саласында қолданылуын бақылау мақсатында АҚШ-тың кейбір штаттары заңнамалық әрекет жасай бастады.
Калифорния мен Нью-Йорк чат-боттардың суицид немесе өзіне зиян келтіру туралы ойларды күшейтуіне жол бермейтін және пайдаланушыларды шұғыл көмек желілеріне бағыттайтын заңды міндеттемелер енгізді.
Ал Иллинойс штаты жасанды интеллектті терапиялық мақсатта пайдалануға толық тыйым салатын қатаң заңды мақұлдады.

















