2024 жылы Африка құрлығында 350 мың әйел сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігінен көз жұмды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус бұл туралы «X» әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
«2024 жылы Африкада 350 мың әйел сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігінен қайтыс болды», – деген Гебрейесус әрбір статистиканың артында әйелдердің, отбасылардың және тұтас қоғамның тағдыры тұрғанын атап өтті.
Оның айтуынша, Африкада аналар ауруын дер кезінде анықтау үшін ұзақ уақыт күтуге мәжбүр. Ал қыз балалардың профилактикалық медициналық қызметтерге қолжетімділігі шектеулі. Көптеген отбасы емдеу шығындарын өтеуде қаржылық қиындықтарға тап болып отыр.
Гебрейесус үкіметті, саяси тұлғаларды және мүдделі тараптарды әйелдер арасында кездесетін қатерлі ісік түрлерімен күрес шараларын жеделдетуге шақырды.
Сондай-ақ ол бұл мәселені денсаулық сақтау саясатының екінші кезектегі мәселесі ретінде қарастырмай, Африканың денсаулық сақтау, даму және қаржыландыру салаларындағы күн тәртібінің басты басымдықтарының біріне айналдыру қажеттігін атап өтті.




















