Израиль армиясы Ливанның оңтүстігінде бір сарбаздың Иса пайғамбар мүсінін қиратқанын көрсететін видеоны шынайы деп растады.
Бұл мәлімдеме Дейр-Сирьян қалашығында сарбаздың Иса пайғамбар мүсінінің басын қиратып жатқанын көрсететін видеоға байланысты кең тараған наразылықтан кейін жасалды. Израиль әскері бұл әрекетті Ливанның оңтүстігінде қызмет атқарып жүрген сарбаз жасағанын анықтағанын мәлімдеді.
Бұл қорлау әрекеті Израиль армиясының «діни ғимараттар мен діни нышандарды қоса алғанда азаматтық инфрақұрылымға зиян келтіру ниетіміз жоқ» деген мәлімдемесіне қарамастан болды.
Армия бұл оқиғаға қатысты Солтүстік қолбасшылықтың тергеу жүргізіп жатқанын айтқанымен, сарбаздың кім екені және оған қандай тәртіптік шара қолданылатыны туралы ақпарат берілмеді.
АҚШ Конгресінің бұрынғы мүшесі Марджори Тейлор Грин бұл хабарға қатаң реакция білдіріп, АҚШ-тың миллиардтаған доллар салық қаржысы мен қару-жарақ беріп отырған «ең ірі одақтасын» сынға алды.
АҚШ медиасында танымал тұлғала Райан Грим: «Израиль сарбаздары соғыс қылмыстары мен мәдени мұраны жою әрекеттерінің видеоларын екі жарым жылдан бері үздіксіз жариялап келеді», - деді.
Бұрынғы конгрессмен Мэтт Гетц Израильдің бұл әрекетін «қорқынышты» деп атады.
Ливан бұқаралық ақпарат құралдары осы өңірдегі Айн-Эбель ауылындағы тағы бір христиандық нысанның да зақымданғанын хабарлады.
Мәліметтерге қарағанда, Израиль шабуылдары Ливанның оңтүстігіндегі көптеген діни нысанды, соның ішінде Сур аймағындағы Шамаа ауылын да нысанаға алған.
Соңғы апталарда Израиль полициясы Иерусалимдегі Қасиетті қабір шіркеуіне кіріп, католиктердің Қасиетті апта шараларының басталуын білдіретін Пальма жексенбісі ғибадатын өткізуге ниеттенген Латын патриархы кардинал Пьербаттиста Пиццабаллаға да кедергі келтірген болатын.
Иерусалим Латын патриархаты таратқан мәлімдемеде: «Иерусалим Латын патриархы кардинал Пьербаттиста Пиццабалла мен Қасиетті қабір шіркеуінің ресми қамқоршысы, Қасиетті жер өкілі әкей Франческо Иельпоның Пальма жексенбісі ғибадатын өткізу үшін шіркеуге кіруіне тосқауыл қойылып, ол кері қайтуға мәжбүр болды», - деді.
Патриархат мәлімдемесінде «Ғасырлар бойы алғаш рет шіркеу жетекшілеріне Қасиетті қабір шіркеуінде Пальма жексенбісі ғибадатын өткізуге кедергі келтірілді» деп хабарланған.











