«Егер шетелдік компания күн сайын миллиондаған Түркия азаматының қайда жүргенін, қайда бара жатқанын нақты уақыт режимінде бақылап отырса, бұл жеке өмірге қол сұғу емес пе?»
Түркияның бұл сұраққа өз жауабы бар...
**
Бүгін біз күнделікті өмірде ең жиі қолданатын, бірақ көбіне мән бере бермейтін технологиялардың бірі туралы сөз қозғаймыз. Навигация жүйелері… Енді Түркия бұл салада өз ұлттық жүйесін құруда.
Өнеркәсіп және технология министрлігі өткен жылдың маусым айында маңызды қадам басып, отандық карта және навигация қосымшаларын әзірлейтін компанияларға қолдау көрсететінін жариялаған болатын.
Өтінімдер 2025 жылы қабылданып, зерттеу жұмыстары аяқталды. Ал наурыз айында Өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Кажырдың қатысуымен жоба серіктестері бас қосып, ресми келісімге қол қойды.
Сонымен бұл жобада кімдер бар?
Министрліктің үйлестіруімен “Başarsoft”, “BVB” және Түркияның ұлттық автокөлік бренді “Togg” күш біріктірді.
“Togg” өз көліктерінде алғашқы күннен бастап өзі әзірлеген навигациялық жүйені қолданып келеді және пайдаланушылардың деректерін ешбір тұлға немесе ұйымға жібермейді.
Жобаны әзірлеушілер осы тәжірибе мен технологиялық әлеуетті жаңа жүйеге енгізуді көздеп отыр.
Ал жүйе іске қосылғаннан кейін ол қай салада қолданылады?
Ұялы телефондарда, автокөліктерде, логистикада, ақылды қала жобаларында, электрондық саудада, туризмде, тіпті төтенше жағдайлар мен апаттарды басқару саласында.
Алайда бұл жобаның мәні тек технология жасаумен шектелмейді. Оның төрт маңызды стратегиялық мақсаты бар. Оларға жеке-жеке тоқталайық.
Бірінші мақсат – азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау.
Қазіргі уақытта Түркия азаматтарының басым бөлігі шетелдік навигациялық қосымшаларды пайдаланады.
Бұл дегеніміз, шетелдік компаниялар миллиондаған адамның қайда жүргенін, қайда барғанын және белгілі бір жерде қанша уақыт болғанын нақты уақыт режимінде бақылай алады.
Оның үстіне бұл деректердің дәлдігі жарты метрге дейін жетеді.
Ұлттық навигация жүйесі осы ақпараттың шетелдік құрылымдардың қолына түсуіне жол бермеуді көздейді.
Екінші мақсат – төтенше жағдайлар мен соғыс кезеңдеріндегі тәуелсіздік.
Украинадағы соғыс, Газадағы оқиғалар және Иранға жасалған шабуылдар XXI ғасырда да бейбітшіліктің қаншалықты осал екенін көрсетті.
Дағдарыс кезінде шетелдік навигациялық жүйелер логистикаға, қорғанысқа және жедел көмек операцияларына кедергі келтіруі мүмкін.
Тіпті санкциялар аясында мұндай жүйелердің жұмысы толық тоқтатылуы да ықтимал.
Ұлттық навигация жобасы дәл осындай тәуекелдерді азайтуды мақсат етеді./
Үшінші мақсат – дерек қауіпсіздігі.
Көптеген навигациялық қосымша сырттай қарағанда тегін қызмет көрсететіндей әсер қалдырады.
Алайда бұл «тегін қызметтің» өзіндік құны бар.
Пайдаланушылардың деректері түрлі коммерциялық компанияларға ұсынылады.
Жарнамалар мен алгоритмдік ұсыныстар арқылы тұтынушының өзі нарықтық өнімге айналады.
Түркияның ұлттық навигация жүйесі азаматтарды осындай айналымнан шығаруды көздейді./
Төртінші мақсат – импорттан экспортқа көшу.
Ұлттық навигация жүйесі енгізілгеннен кейін мұндай бағдарламалар әсіресе кәсіби және коммерциялық секторларда импорттық өнім болудан қалады.
Жобаның басты мақсаты – тек ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету емес, сонымен қатар бұл технологияны әлемдік нарыққа шығару.
Яғни жүйенің басқа елдерде де қолданылуына мүмкіндік беру.
Осылайша қаржы ресурстары сыртқа кетпей, керісінше елге жаңа инвестициялар мен табыс әкелуі мүмкін.
Бұл қадам технологиялық тәуелділікті де азайтады.
Өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Кажыр бұл жобаны «Ұлттық технологиялық серпілістің маңызды бөлігі» деп атады.
Оның айтуынша, қорғаныс өнеркәсібінен бастап ұлттық автокөлік өндірісіне дейін жоғары технология экспорттайтын Түркияның мұндай стратегиялық бағытта артта қалуы мүмкін емес.
Жаңа жүйе жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді және жақын арада пайдаланушыларға ұсынылуы жоспарланып отыр./
Осылайша Бүгінде навигация жүйелері жай ғана бағыт көрсететін құрал емес.
Олар спутниктік геолокацияны, үздіксіз жаңартылатын карталарды, көше-көше мәлімет жинайтын арнайы көліктерді және жасанды интеллект есептейтін көлік қозғалысының қарқындылығын біріктіреді.
Телефоныңызда, көлігіңізде, тіпті қолыңыздағы ақылды сағатта олар үнемі жұмыс істеп тұрады.





















