Технологияның дамуына байланысты ұшқышсыз автономды роботтандырылған қару жүйелері туралы соңғы кезде жиі айтылып жүр. Осы салада аса маңызды жобаларды жүзеге асырып жатқан «HAN» қорғаныс компаниясы ұшқышсыз әуе аппараттарына интеграцияланған «pod» жүйесінің ішіне орналастырылған қондырғы арқылы нысанаға минутына 1000 оқ ата алатын мүмкіндікке қол жеткізді.
Әлемдік соғыс тарихы алдымен Ресей-Украина, кейін АҚШ-Израиль-Иран қақтығыстарынан кейін үлкен бетбұрыс кезеңін бастан өткерді. Ұшқышсыз, шағын әрі салыстырмалы түрде арзан жүйелер соңғы уақытта соғыс алаңындағы алып платформаларды ығыстыра бастады.
Әрине Түркия да бұл өзгерісті жіті бақылады. Соған сәйкес елдің қорғаныс өнеркәсібі де осы бағытта дамыды. Мұндай трансформация арқылы аса маңызды жобалар жүзеге асты. Солардың қатарында «HAN» қорғаныс компаниясы әзірлеген және алғаш рет «SAHA 2026» көрмесінде таныстырылған өнімдер де бар.

«BARAN» минутына 50 мың бытыра оқ ата алады
«HAN» қорғаныс компаниясының бас директоры Мелих Хан Билгин тактикалық ұрыс алаңындағы өзгерістерді жіті бақылап отырғандарын айтты. Оның сөзінше, осы бағытта ұшқышсыз жүйелердің бір-бірімен байланыс орнатып, бірлескен операциялар жүргізе алуына мүмкіндік беретін шешімдер әзірленуде.
Билгин көрмеде таныстырылған «KANGAL» жүргізушісіз көлік осының айқын мысалы екенін атап өтті. Ол платформаға орнатылған «BARAN» атты айналмалы ұңғылы жүйеге тоқталды.
Билгиннің айтуынша, «BARAN» минутына 1000 оқ ата алады, ал әр патронның ішінде 50 бытыра болады.
«Яғни біз минутына 50 мың бытыра оқты нысанаға бағыттай аламыз. Мәселен камикадзе ұшқышсыз әуе аппарат қаупіне қарсы қолданылған жағдайда әуеде ауқымды қорғаныс тосқауылы қалыптасады», - деді ол.
«KARAHAN» ̶ жаңа дәуірдің бастамасы»
Көрмедегі назар аудартқан тағы бір өнім «KARAHAN» сыртқы «pod» жүйесі болды. Ұшқышсыз әуе аппараттарына интеграцияланатын бұл жүйе арқылы орта және төмен биіктіктен құрлықтағы нысандарға қуатты қысым көрсетуге мүмкіндік бар. «KARAHAN» минутына 1000 оқ ата алады.
Хан сондай-ақ «Pençe A» және «Pençe T» қару жүйелеріне де тоқталды. Ол бұл өнімдердің толықтай шүріппесіз жұмыс істейтінін және роботтандырылған жүйелерге тікелей интеграцияланатынын атап өтті.
«Аталған жүйелердің барлығы — Түркия патенттеген технологиялар және әлемдік нарық үшін тың жаңалық. Бұлардың баламасы жоқ. Түркия қорғаныс өнеркәсібінің болашағы өте жарқын. Жаһандық нарықтағы үлесіміз жыл сайын арта береді», - деп сөзін түйіндеді «HAN» қорғаныс компаниясының бас директоры Мелих Хан Билгин.














